Русский Сайттың толық нұсқасы

Күн райының күрт өзгеруінен Қостанайда егін жинау науқаны тым кешеуілдеп кетті

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2014
  • 1247

Күн райының күрт өзгеруі қостанайлық диқандарды қолайсыз жағдайда қалдырды. Салдарынан жиын-терім науқаны тым кешеуілдеп кетті. Өңірде астықты алқаптың 75%-ы ғана орылған. Шұғыл шара қолдану керектігін жақсы түсінген аймақ шаруалары шенеуніктермен бірге агрожиында бас қосты. Айтуларынша, өнімді ысырапсыз жинап алуға техника мен жанармай жеткілікті. Тек күн райы ғана жұмысқа кедергі келтіруде.

Биылғы науқан  бұрынғылардан өзгерек. Көнекөз диқандар соңғы отыз жылда дәл осындай қиындықты көрмегенін айтады.

Күз айларындағы  жауын-шашынды күн райы қостанайлық диқандардың қолын байлап, қолайсыздық туғызды.Толассыз нөсердің салдарынан бітік шыққан бидай дер кезінде орылмай қалды. Ал техника болса, алқап басында қаңтарылып тұр.

Әсіресе облыстың солтүстігіндегі шаруалар алқаптағы астығын қамбаға құя алмай, қиналып отыр. 5 бірдей аудан егістіктің тең жартысындағы дәнді әлі жинамаған. Тәжірибелі диқандардың бірі Сайран Бұқанов биыл 20 мың гектарға егін салды. Енді ылғалдылығы жоғары өнімді жинап, кептіруге көп шығын, қыруар қаражат кететіндігін айтып шырылдауда.

Сайран Бұқанов,  шаруа:

Енді шығын көп болады. Оны кептіру  керек. Бізде екі кептіргіш бар. Алқаптағы бір тонна бидайды жинап, қамбаға әкелу үшін, 10-12 литр жанармай керек. Ал бір тонна бидайды кептіріп, 25 пайыз ылғалдылықты 14 пайызға дейін түсіру үшін, 17 литр кетеді тоннасына.

Аймақ диқандары бірнеше мәселені көтерді. Олар орын алған қиындыққа байланысты «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы несиені қайтару мерзімін кейінге қалдыруды қарастырса дейді. Сонымен қатар ылғалдылығы жоғары бидайды сатуға билік тарапынан көмек сұрап отыр.

Нұралы Сәдуақасов,  Қостанай облысының әкімі:

Элеваторда 1 миллион 300 мың тонна бидай бар. Соның бәрі 3-сортпен өтіп жатыр. Бірақ енді бұдан былайғы өнім 4-5 кластың бидайы болады. Оның да бағасы 40 мыңға жақындайды. Бұл жаман  баға емес. Мелькомбинаттарға сатуға болады. Сонымен қатар азық-түлік корпорациясына осы сұрақпен шыққалы отырмыз. Қалай оның бағасын көтеру керек деп.

Қар мен жаңбырға қарамастан,  аймақ шаруалары алқаптағы астықты қарашаға дейін жинап алуды жоспарлап отыр. Орылмай жатқан егіннің 25 пайыздайы қамбаға құйылуы тиіс. Оңтүстік аудандарда егін ору науқаны аяқталған. «Олардың техникасы енді солтүстіктегі алқаптарға жұмылдырылды», - дейді аймақ басшылары. Қалған өнімді  қабылдау үшін элеваторлар да сақадай-сай. Ал дымқыл  бидайды кептіруге үкіметтен қосымша 15 мың тонна жанар-жағармай  бөлінді.

Заңғар САНАЙ