Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорлық дауына қатысты басшылардың отставкаға кетуі заңдастырылады

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2014
  • 1315

Министрлер кімнен қорғанады? Шенеуніктер  қат-қабат құлыптың астынан шығып, халыққа қашан жақындайды? Сенат депутаттары күзетін күшейткен дөкейлерді сынға алды. Қайрат Қожамжаровтан олардың қорғанысын азайтуды сұрады. Сонымен қатар депутаттар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасына «қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, бастығы отставкаға кетсін» деген талапты заңдастыруды ұсынды. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Мемлекеттік қызметкер десе, сенаторлардың арқасы қозатындай. Олай дейтініміз, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы заң жобасы сынның астында қалды. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов кабинетіне тығылып, қарапайым адам үшін қолжетімсіз тұлғаға айналған министрлер мен әкімдерді сынады. Олардың сансыз күзетіне бюджет теңгелері кетіп жатыр дейді.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ауылдық әкімдерден басқа, қала, аудан, министрлерге кіру мүмкін емес. Әрқайсының алдында полиция немесе жекелеген күзет тұр. Осы отырған министрліктер үйінде әр подъезінде полиция бар, тіркеуден өтеді. Енді одан көтеріліп, министрге баратын болсаңыз, министрдің кабинетін бөліп тастаған. Оған аранулы құлып қойған нөмермен кіретін, этажды бөліп тастаған тұтастай. Ол министрлер кімнен қорғанып жатыр сонда?

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Бүгінде еліміздің жан-жағында көптеген неше түрлі келеңсіз оқиғалар бар. Терроризм қаупі бар. Бұл 2009-2011 жылдары қабылданған шара. Министрлер мен аудан облыс басшылары халыққа жақын болуы керек. Бұл төңіректе жұмыс жасауға мен сізге уәде беремін.

Сенаторлар қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысы отставкаға кету керек деген мәселенің заң тұрғысынан реттелмегенін сынады. Мұны да Сәрсенбай Еңсегенов көтерді. Ал Агенттік төрағасы тиісті норманың кезінде енгізілгенін хабарлады.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

2001 жылы апрельде Елбасы үлкен мәселе көтеріп, сонда тапсырма берген. Заңнамаға саяси қызметкерлердің, егер олардың қызметкерлері оларға бағынышты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, онда отставкаға кету мәселесі бойынша. Мемлекеттік қызмет жүргізу туралы тұжырымдамасына кезінде заң нормасы кірді. Онда, егер саяси қызметкердің қол астындағы өзі тағайындаған немесе сол саяси қызметкердің келісімімен тағайындалған адам қылмыс жасап, сыбайлас соның соттық үкімі заң жүзінде кірсе, өзінің заңдық, онда ол отставкаға беру керек.

Ал сот шешімі күшіне енбесе де, бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков отставкаға кету керек пе деген сұраққа сенатордың өзіндік пікірі бар.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл саяси қызметкер қарамағындағы адамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жауапқа тартылған жағдайда, ол отставкаға кетуі тиіс. Бірақ біз ескеруіміз керек, қазіргі заң бойынша азаматтардың соттың қаулысы күшіне енгенен кейін ғана біз азаматты кінәлі деп айтамыз.

Асылжан Мамытбековке қатысты сұрақты, агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровқа да қойдық.

- Мамытбеков отставкаға беру керек пе? - Мамытбековтен сұрамайсыз ба оны?

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылай деп жүре жауап берген Қайрат Қожамжаров мұның алдында ғана «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама ескірді. Қазіргі көптеген талаптарға сай емес» дегенді айтты. Алдағы уақытта әкімшілік қызметкерлер туралы ауқымды заңнама Парламентке түсетінін хабарлады. Ал мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ