Русский Сайттың толық нұсқасы

Аймақтар үш жылға арналған республикалық трансферттерден қағылғысы келмейді

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2014
  • 1072

Аймақтар үш жылға арналған республикалық трансферттерден қағылғысы келмейді. Сондықтан үш жылдық бюджеттік көмек жүйесін өзгертуді ұсынған құзырлы ведомстволардың өтінішін қабылдамай, ескі жүйені қалдыруды сұраған. Жаңа бюджет саясатын талқылаған Сенат комитетінің отырысына қатысқан қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, өңірлер бюджетіндегі шығыстың жартысынан астамын республикалық трансферттер жауып отыр. Тек бір облыстан өзгесі үкіметке алақан жайып келеді. Сондықтан бюджетаралық қатынастың қазіргі жүйесі экономиканың дамуын ынталандырмай отыр.

Марат Дәленов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Жергілікті бюджет шығындарының 52 пайызын республикалық көмек жабуда. Атырау облысынан басқалары көмек алып келеді. Алматының өзі 10-12 пайыз көмек алады республикалық трансферт арқылы. Мұны масылдық деуге келмес, бірақ олар ақшаны көбірек алу үшін, табыстарын кемітіп, шығыстарын артық етіп көрсетеді. Бұл жүйе жергілікті экономиканың дамуына кедергі.

Қаржыгерлердің айтуынша, қазіргі бюджеттік бағдарламалар тым шағын. Нәтижесі бірден көзге түспейді. Сондықтан алдағы уақытта бюджеттік бағдарламаларды ұлғайту көзделген. Ал сенаторлар шенеуніктерді тиімді шешім қабылдауға үндеді. 

Ришат Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Трансферттер жөнінде кезінде оларды үш жылға бекіткенде, сіздер мұның дұрыстығына сенімді болғансыздар. Мен сол кезде айтып едім, бір жыл ішінде талай өзгерістер орын алады. Ал сіздер үш жылға қабылдайсыздар деп. Шешімдеріңіздің тиімділігі қашан болады.

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов республикалық бюджет қысқартылып жатқан қазіргідей кезеңде, аймақтарға да кіріс пен шығысты оңтайландыру керектігін ескертті. Дегенмен өңірлерге қолдау тоқтамақ емес. Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілмек. Республикалық бюджетке тек алпауыт компаниялардың салығы ғана қалдырылады. Бүгінде мұндай ірі салық төлеуші кәсіпорындар саны 300-ге жеткен.

Марат Құсайынов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

Региондарға қайта жақсы - үш жылда біз ештеңені өзгертпейміз. Ол үш жылда қосымша салықтар түседі ғой. Сол салықтардың бәрі әкімшіліктерде өздері таратады. - Ол енді өзгере ме бұл жүйе? - Ол өзгермейді. Региондармен сөйлестік. Олар осы қазіргі методиканы қалдырыңдар деп, бізге осындай ұсыныстар беріп отыр.

Айта кетерлігі, журналистердің сұрағына жүре жауап беру әдістерін шенеуніктер дәстүрге айналдырып алғандай. Ұлттық экономика министрінің де Қаржы министрінің де орынбасарлары тілшілер үшін бөгелуді жөн санамады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ