Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының жергілікті атқару органдарында бірнеше қызмет бос қалды

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2014
  • 933

Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған соң, жергілікті атқару органдарында бірнеше қызмет бос қалды. Бұл туралы өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков хабарлады. Айтуынша, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары әлі де тынымсыз ауысып, кадрлық өзгеріс апта сайын орын алып жатыр. «Әкімдік құрамының қанша пайызға жаңаратынын дөп басып айту қиын. Өйткені ауыс-түйістер жалғасуда», - деді әкім.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Ведомствоның құрамы жаңартылып жатқандықтан, бүгінде отызға жуық бос қызмет орны пайда болып отыр. Мемлекеттік қызметке орналасу процесі ұзақ уақытты қажет ететінін жақсы білесіздер. Біз қазір осы кезеңді бастан кешірудеміз.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Шахтер» футбол командасы төңірегіндегі дау-дамайға түсініктеме берді. Айтуынша, клуб қызметін қамтамасыз етуге қажетті қаражат толық көлемде өтелген. «Ал қосымша қаржы бөлу мәселесі «Қазақмыс», «АрселорМиттал» және басқа да компаниялардың қаржылық қиындыққа тап болуына байланысты мүмкін болмай отыр», - деді облыс әкімі.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Жыл басында командаға 1,2 миллиард теңге берілді. Одан кейін тағы 180 миллион, кейіннен 200 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Мәселе жыл соңына дейін шешіле қояды деп айту қиын.

Жұрағат БАМАН