Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемен қаласының орталығында ерекше ағаш мүсін бой көтерді

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2014
  • 1925

Өскеменнің орталық даңғылында ағаштан жасалған ерекше композициялар пайда болды. Ол - «Мэрри Поппинс, қош бол!» кинофильмінің басты кейіпкерлерінің мүсіні.

Бұл - зыряндық сәулетші Олег Якубовичтің облыс орталығына жасаған сыйы. Осыдан бір жыл бұрын қолына электрарасын алған ол, ескі ағаш түбірлерінен ғажап туындылар жасайды. Ал, Зырянның өзінде мұндай ағаштан жасалған мүсіндер қаптап тұр.

Бір жыл бұрын қаладағы әбден кеуіп кеткен ескі ағаштарды қауіпсіздік мақсатында арамен кесіп тастауға шешім қабылданған. Шебер, ағаштарды түбінен кеспей, 2-3 метр биіктікте діңгегін қалдыруды ұсынды. Қазір сол ағаштар кішігірім архитектуралық пішіндерге айналды. Мұнда қолына домбыра ұстап тұрған қызды, тулап тұрған аттың бейнесін, бүркіт пен басқа да мүсіндерді кездестіруге болады. Ағаш мүсіндерінің авторы туындыларының эскизін жасамайтынын айтады. Сол үшін кейде суретшілердің сынына үшырап қалады екен.

Олег Якубович, мүсінші:

Бірінші, идея келеді. Сосын эскизін жасап, сол бойынша істеймін деп ойлайсың. Бірақ, ағашты кесу кезінде сюжетті ағаштың өзі өзгертеді. Ағашты тыңдай білу керек, онымен келісу керек. Ол өзі көрсетеді. Көбісіне ағаштағы сызаттар ұнамайды, теп-тегіс болса дейді. Керісінше, осы сызаттардан мұның нағыз ағаш екендігі байқалады. Бұрынғының бейнесі.

Қазірдің өзінде шебердің ізбасарлары бар. Олег Якубович, егер шәкірттері басқа қалаларда да осындай мүсіндер жасаса, қуанатындығын жасырмады. Себебі, бұл - нағыз халық өнері, дейді. Мүсіндер Өскемен тұрғындарына қатты ұнады. Өткен-кеткеннің бәрі ағаштың адам танымастай өзгерген түбірінен көз алмай, тіпті естелік үшін «селфи» түсіріп жүр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ