Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» баскетбол командасы тағы да үздік шықты

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2014
  • 1490

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды. 21-ші ақпан күні отандасымыз Ұлыбритания спортшысы Мартин Мюрреймен қолғап түйістіреді. Аталған жекпе-жек Монако қаласында өтеді. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов тарқатады.



«Астана» баскетбол командасы тағы да үздік шықты. Біртұтас лиганың кезекті турында Волгоград қаласының «Красный Октябрь» клубын қабылдаған Александр Трифуновичтің шәкірттері 94:76 есебімен басым түсті. Кездесу басынан тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста қателікке бой алдырмаған алаң иелері үлкен үзіліске 12 ұпай басымдығымен кетті.

Біраз тынығып алған елордалық ұжым алған бетінен қайтпай, ұпай санын арттырды. Өз кезегінде қазақстандық клубтың қарқынына төтеп бере алмаған ресейлік баскетболшылар Астанадан ұпайсыз қайтты. Келесі кездесуін Александр Трифуновичтің шәкірттері енді «Нижний Новгород» клубына қарсы өткізеді.



Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында каратэ-до кекушинкайдан жарыс өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі турнирге 200-ден аса спортшы қатысып, 47 салмақ дәрежесінде мықтыны анықтады. Екі күнге созылған жарыс барысында үздік шыққан спортшылар Қазақстан құрамасына іріктеліп, алдағы уақытта Мәскеуде өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Архам Иманғалиев, жарыс ұйымдастырушысы:

Қазақстаннан 38 бала бара жатса, оның 12-сі Астанадан. Ең мықты деген балалар. Қазақстанның ішінен таңдалған. Енді Қазақстанның жалауын желбіретеді деп ойлаймын. Осындай оймен бара жатырмыз.

Ағымдағы жылы Грекия мемлекетінде өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен астаналық спортшылар Ермек Мұқажан мен Мәдина Саутова алтыннан алқа тақты.

Самат ҚАНАҒАТОВ