Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде бір үйдің 5 адамы өлтірілді

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2014
  • 1313

Керекуде бүгін бүтін бір отбасы өлтірілді. Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесіндегі 99-үй пәтерінен 2 жасөспірімнің, 2 әйелдің және ер адамның мәйіттері табылды. Оған қоса пәтерден түрлі жарақатпен шала-жансар ер адам табылды. Ол ауруханаға жеткізілген. Көрші-қолаңның айтуынша, бұл қарапайым ғана отбасы. Ерсі қылықтары байқалмаған.

Людмила Шишкарева:

Бұлар пәтер жалдаушылар. Шынын айтсақ, жақын танымаймыз да. Араласпадық та. Келіп-кететін. Туыстары келіп, бірнеше күн бойы хабарласа алмай отырғандығын айтты. Мектепке хабарласса, қыз баласы сабаққа да келмеген. Жұмысқа шықпаған соң, әйелдің басшысы да таба алмай отырғанын айтқан. Сосын алаңдап, осында келді жақындары. 

Қазір оқиға орнында ІІД-нің басшылығы, прокуратура және сот-медициналық экспертиза қызметінің мамандарынан құралған тергеу тобы жұмыс істеуде. Түрлі сараптамалар тағайындалғаны белгілі болып отыр. Полицейлердің айтуынша, қаза тапқан әйелдің бірі буындырылған, ал қалғандарының денесінде пышақ жарақаттары бар.

Марат Қожаев, Павлодар облыстық ІІД басшысы:

Қазіргі уақытта бұл қылмысқа қатысты күдіктінің кім екені анықталды. Ол ауруханада күзет қойылған. Белгілісі - жапа шеккендер мен күдікті өзара туыс болған. 

Айта кетейік, бүтін бір отбасының қырылып қалуы Керекуде осымен екінші мәрте тіркеліп отыр. Биыл сәуірде Павлодар ауылында азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылар мен олардың екі баласының денесі саяжайдан табылған болатын.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ