Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда әкімдіктің қоғамдық көлікті газға ауыстыру бастамасын тасымалдаушылар қолдамай отыр

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2014
  • 1136

Ал Оралда жергілікті билік жолаушы тасымалдаушыларды көліктерді газға ауыстыруға үндеп отыр. Айтуларынша, отынның бұл түрі бензинмен салыстырғанда, екі есе арзан. Алайда, автокәсіпорындар биліктің бұл бастамасын қолдауға асығар емес. Өйткені қалада онсыз да жиі қайталанатын газ тапшылығы кесірінен жанармайдан қағылған қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі нашарлапты. Еркін Карин толықтырады.

Қазір Орал қаласында такси қызметінен бөлек, онға жуық жолаушы тасымалдайтын кәсіпорын бар. Үлкен автобустар дизель отынын тұтынғандықтан, Газель секілді шағын автобустарға газ қондырғысын орнатуға болады. Биліктің бұл бастамасын тасымалдаушылар қолдауға асығар емес.

Владимир Юркевич, «Батыс дилижанс» ЖШС директоры:

Газ бензиннен әлдеқайда арзан. Бірақ соңғы кездері қалада газ тапшылығы болып тұрады. Газ болмағасын, кейбір бағытты автобустар уақытылы жолға шыға алмай қалады. Бұл мәселе біржақты болмайынша, қоғамдық көлікті газбен жүргізу біздер үшін бос шығын.

Ал облыс әкімі бензинге балама отынның сұранысқа ие болмауын жергілікті халықтың салғырттығынан көреді. «Литрі 128 теңгеден кем түспейтін бензиннен гөрі, бағасы 60 теңгеден аспайтын газ әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз», - дейді.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Өкінішке орай, көгілдір отынды пайдалануға жолаушы тасымалдаушылар да, жеке көлік жүргізушілері де асығар емес. Біз олардың тарапынан ешқандай белсенділікті байқамай отырмыз. Дегенмен, біз бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырамыз.

Автобус жүргізушілер бензинге балама отын - бос әурешілік деп санайды. Сондықтан бағасы әлдеқайда қымбат болса да, бензинді дұрыс көреді. Әрі газ қондырғысын орнату қалтаны да, жүйкені де жұқартады деді. Көліктің түрі мен қозғалтқыштың көлеміне қарай кемінде 100 мың теңгеге шығынданған жүргізушілер темір тұлпарын арнайы есепке тіркетіп, жүргізушілік куәлігіне қосымша белгі соқтырады.

Наджаб Мамедов, жүргізуші:

Газ қалада атымен жоқ. Осымен жеті ай болды, бірде бар, бірде жоқ. Газ беретін бекетке келгенде талон сұрайды немесе жоқ болып шығады.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы өкілдері газ қалада жеткілікті дегеннен танар емес. Олардың дерегінше, оралдық көлік иелері күн сайын 800 тонна газ тұтынады.

Мұрат Бәйменов, БҚО ТҮКШ, энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

Газ жоқ деген қате сөз. Мұндай жағдайда 507816 телефоны бойынша бізге хабарласып, қай бекетте газ жоқ екендігін айтсын. Осыдан кейін біз тиісінше шара қолданамыз.

Айта кетелік, Орал қаласында тіркелген 178 мың автокөліктің тек 2120-сы ғана газ қондырғысын орнатыпты. Бұл - шамамен он пайызға да жетпейтін көрсеткіш.

Еркін КАРИН