Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығына үміткерлер таңдалды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2014
  • 1416

Алматыда «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығына үміткерлер таңдалды. Келіп түскен 100-ден астам өтінімдердің ішінен 11 адамнан тұратын сарапшылық кеңес 11 аталым бойынша лауреатты анықтады.

Жобаның ережесі бойынша, әрбір аталымға үш үміткерден таңдап алынған. Олардың ішінде соңғы бір жыл ішінде қайырымдылық жасаған заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да бар. Байқауға қатысу үшін заңды тұлғалар өтінімді өздері бере алады. Ал қайырымды істер атқарған «алтын жүректі» абзал жандар туралы, олардың ісіне куә болған басқа азаматтар ғана өтінім береді. Соған қарай сарапшылар кеңесі 33 үміткердің ішінен жетімдерді жебеп, жесірлерге қол ұшын беретін, мүгедектерге қамқорлық жасап, ардагерлердің мұқтажын өтейтін, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының дамуына атсалысып жүрген жомарт 11 жанның есімдерін жариялады.

Дәурен Тәліпов, кәсіпкер, «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері:

Кімге қандай көмек жасай аламын деп ойланып, осылай нан тарату ойыма келді. Оны бір жылдан астам ешкім білмеді. Кейін интернетте жарияланып, «Бауыржан» қоры байқап, осындай сыйлық беріп отыр.

Айта кетелік, «Бауыржан» қайырымдылық қоры, «Алтын жүрек» байқауын биыл сегізінші рет ұйымдастырып отыр. Қайырымдылық қорының деректеріне сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде меценаттардың қолдауымен елімізде 5 мектеп, 7 балабақша салынып, оқушыларға 6 мектеп автобусы мен 22 мектепке оқу жабдықтары алынған.

Берік ХАСЕНОВ