Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дубайда «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2014
  • 1152

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дубайда «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды. Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар табыстады. Сыйлық «ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар» үшін берілді. 

Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты. Осыған дейін бұл сыйлыққа Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Тан Абдулла Бадави, Малайзияның премьер-министрі Наджиб Разак пен  Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Шаукат Азиз ие болған еді.

Айта өтейік, бүгін Қазақстан президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысу үшін  іс сапармен келді. Форумға әлемнің жүз елінен екі мыңнан астам делегаттар қатысуда. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев осы сапар шеңберінде Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Аль Мактуммен кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және көлік-логистикалық салаларындағы басым бағыттарын талқыға салды. Каспий теңізінде бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыру және Қорғас көлік-сервис торабын дамыту бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері де сөз болды. 

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ