Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда сарапшылар автомобиль отыны тапшылығы тақырыбын талқылады

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2014
  • 1739

«Жанармай тапшылығының зардабы ұзаққа созылады. Макроэкономикалық саясаттың тиімсіздігі мен ішкі мұнай нарығындағы мамандардың салғырттығы аталған саланы тұралатады». Бұл бүгін Алматыда бас қосқан экономист мамандардың пікірі. Айтқандай-ақ, еліміздің кейбір аймақтарында бензин тапшылығы қайта сезіле бастады. Әсіресе бұл проблема көлік нөпірі ең көп Алматыдағы жүргізуші қауымды алаңдатып отыр. Халық көп тұтынатын жанармай түрлерінің тағы да қымбаттау қаупі бар ма? Жалпы саладағы дағдарыстың салдары қандай болмақ? Пышақтың жүзінде ылпылдап тұрған бұл мәселеге орай сарапшылар мен тұрғындардың пікірін салғастырған алматылық тілші Ришат Асқарбекұлы толықтырады. 

Алматыда өткен аптадан бері жанармай құю стансаларында бензин тапшылығы анық байқалды. Қала мен оған жапсарлас аудандарда ірі жанармай бекеттері АИ-92 маркалы отынын тек талонмен сатуға көшкен. Қытайлық инвесторлардың қолындағы «Синоойл» бекеттерінде бензин еркін саудаланып жатыр. Тиісінше мұндағы көліктің кезегі күні-түні саябырсымайды.

Соңғы үш-төрт айдан бері күн тәртібінен түспеген жанармай тақырыбын сарапшылар әлі де талқылап жатыр. Бүгінгі саяси шешімдер институты ұйымдастырған пікір алаңында Үкімет мүшелері де болды. Энергетика министрлігінің өкілі дағдарыстан шығудың қысқа мерзімді бағдарламасын ала келіпті. Алайда ескі мәліметтерге құрылған баяндама өзге қатысушылардың көңілінен шықпады.

Нұрбек Амангелдіұлы, ҚР Энергетика министрлігінің бас сарапшысы:

Осы жылдың екінші жартысында Қазақстанға Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдері күрт төмендеді. Тапшылыққа Ачинск, Рязань және Ярославль зауыттарында орын алған апатты жағдай әсер етті. Сондықтан осы тұрақсыздықтың салдарын жою үшін, 18 қазанда Астанада ішкі мұнай нарығын тұрақтандыру жоспары жасалды. 

Петр Своик, монополияға қарсы қоғамдық комиссияның төрағасы:

Энергетика министрлігі форс-мажорлық жағдайға арналған тұрақтандыру бағдарламасымен қашанғы отыра береді? Неге нақты шараларға көшпейсіздер? Бүгінгі баяндамадан 1-2 күннің жоспарынан гөрі, болашаққа көзделген шараларды көрмедік.

Ал қаржыгер Айдар Әлібаев бензин дағдарысының үш факторына тоқталды.

Айдар Әлібаев, «Финпотребсоюз» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Мұнай өңдеу зауыттарына осы кезге дейін бөлінген қаражатқа мониторинг жүргізілмеген. Екіншіден, шикі мұнайды сыртқа тасымалдағанша, сол зауыттардың қажеттілігін қанағаттандыру керек. Сосын Ресей факторы. Яғни көрші елдің қымбат бензиніне тәуелділіктен шығу қажет. 

Ресми органдар бензин тапшылығы мұнай-химия өңдеу зауыттарының күрделі жөндеуге жабылуынан екенін ылғи мәлімдеп келеді. Ал Елбасы тапсырған жаңа зауыт құрылысы туралы ақпарат тым жұтаң. Экономика институтының аға қызметкері Олег Егоровтың мәліметінше, отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға 7 жылда 4 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Бірақ өнім көлемі артпай келеді. 

Олег Егоров, ҚР БҒМ Экономика институтының аға ғылыми қызметкері:

Сұйық отынның жергілікті зауыттарда тек 20 пайызы өндірілетіні - ащы шындық. Ал Ресей әлі де жанармай нарығының 40 пайызын еншілеп отыр. Қазір жағдайды ушықтырмауға Ресеймен жасалған осы келісім ғана оң әсір етіп отыр. Сондықтан жаңа зауыт салу арқылы ғана тығырықтан шығуға болады.

Ішкі нарықтағы бензин тапшылығы кем дегенде 2019 жылға дейін созылады. Бұл пікірді мұнай және газ секторы бойынша сарапшылар айтқан болатын. Ал Энергетика министрі Владимир Школьник бензин бағасының қашан және қай деңгейде тұрақталатынын айта алмаған-ды. Шенеуніктің бензинді үнемдеу туралы ұсынысы да қоғамнан қолдау таппады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тұтынушының жан алқымынан алған жанармай тапшылығы туралы тақырып Алматыда қайтадан алдыңғы орынға шықты. Шаһардағы бензин саудасындағы ірі ойыншылар мынадай тақталардан сұранысқа ие бензиннің бағаларын алып тастаған. Жүргізушілер де мұндай белгіні көргенде, кері айналуға мәжбүр. Бұл әсіресе «РойалПетрол», «Гелиос» және «Газпромнефть» жанармай бекеттеріне тән құбылыс.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ