Русский Сайттың толық нұсқасы

Азия ойындарында ел абыройын асырған Қазақстан құрамасының жетістігі бағаланып жатыр

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2014
  • 1450

Азия ойындарында ел абыройын асырған Қазақстан құрамасының жетістігі бағаланып жатыр. Бұдан бұрын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі спортшыларға құрмет көрсетсе, енді спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы жеңімпаз атанған спортшылармен олардың бапкерлерін марапаттады.

Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен 17-ші Азия ойындарында жоспарды асыры орындады. Бастапқыда 25 алтын медальді ұтып алу жоспарда болған. Ал іске келген 28 алтын жүлде құрама қоржынына түсті. Жалпы саны 84 медальді иеленген ел құрамасы командалық есепте 4-орынға табан тіреді.

Нұрмахан Тыналиев, грек-рим күресінен Азия ойындарының жеңімпазы:

Азия ойындарында басты қарсыласым Иран палуаны болды. Иран палуанына әлем чемпионатында ұтылған едім. Осы жолы ұттым Азия ойындарында. Әр жекпе-жек өз қиыншылығымен болды. Финалда Корея палуанымен күрестім. Оның үстіне Корея жерінде болғандықтан, өз жерінде көмектеседі. Енді бапкерлеріме алғыс айтамын сенім білдіргендеріне, халқыма көп-көп рахмет айтамын. 

Корея жерінде ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың бапкерлері бүгін ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бокстан ұлттық құрама спортшылары 6 алтын медальді ұтып алса, жүзуден Дмитрий Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Каратэшілеріміз де қалыс қалмай 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді ұтып алды. Қалған спортшыларымыз да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Азия ойындарында ел абыройын асырып қайтты.

Самат ҚАНАҒАТОВ