Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісте «2014-2016 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» Заң жобасы талқыланды

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2014
  • 1231

«Бюджетті қысқартпаса болмайды, ал банктер мемлекет көмегіне зәру», - деген бір топ министр бүгін Мәжіліс депутаттарының сынына қалды. «2014-2016 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» Заң жобасын қараған халық қалаулылары бюджет шығыстарын қысқартып отырған Үкімет өкілдеріне наразылық та білдірді. Мәжілісмендер кезінде несиені оңды-солды таратып, қазір оны қайтара аламай отырған екі ірі банкке мемлекет қаражатынан 250 мрлд теңге берілетініне тіпті қарсылық білдірді. Депутаттар әлеуметтік салаларға  шығын қысқарып жатқанына алаңдаулы. Айгүл Әдепбай да Мәжіліс отырысына қатысып, бюджеттің қысқарған шығындары туралы білді.

Жеті бірдей заң жобасын қарауға алған депутаттар «2014-2016 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» Заң жобасын әдеттегідей қызу талқылады. Кірісі азайғандықтан, шығысын қысқартып жатқан бюджетті жоспарлауда немқұрайлық бар деп сынады. Тіпті бюджеттің басы-қасында жүргендер халыққа жанашырлық танытса, қысқартулар мұндай ауқымды болмас еді деп те қатты кетті халық қалаулылары.

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Өткен жылғыдай бөлінген бюджет қаражатының игерілмеуі, мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеу, субсидияларға берілетін өтімдердің қысқаруы және т. б. жағдайлар шығыстарды азайтуға себеп болып отырғанын көріп отырмыз. Бұл бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауда немқұрайлықтың орын алғанын білдіреді. Министрлер, атқарушы органдар халыққа жанашырлық танытса, осындай мәселе болмайтын еді. 

Депутаттардың айтуынша, 10 жылда бюджеттің атқарылуын мәжіліс 25 мәрте қараған. Баяғы жартас - сол жартас. Игерілмей қалған қаржы мәселесі жылда қайталанады. Нұртай Сәбилянов биыл 139 млдр теңгенің кәдеге аспай қалғанын мысалға келтіріп, қынжылды. Есесіне 300 млрд теңгеге жуық  Республикалық бюджет шығындары қысқартылған. Енді біраз министрлік үнемдеуге мәжбүр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Бюджеттің кіріс бөлігіндегі 420 млдр теңге көлеміндегі шығындарды жабу мақсатында 260 млрд теңгеге шығыстарды қысқарту және бюджет тапшылығын 164 млрд теңгеге ұлғайту жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша болжамды игермеу 93,5 мрлд теңге.

Шығыс бөлігін қысқартып жатқандар арасында қаржының тізгінін ұстап жүрген Қаржы министрілігі де бар. Депутаттар қаржыдан қағылған өзге де министрліктерді жіпке тізді. Онда әлеуметтік сала да ілігіп кеткен.

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қаржы министрлігі 70,8 млрд теңге шығыстар азайтылған екен. Қаржы министрінің өзіне тиянақтылық жасауға болады ғой.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Білім және ғылым министрілігі бойынша  шығыстар 26 млрд теңгеге қысқартылған.

Гүлнар Сейтмағамбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі шығыстары 21,6 млрд теңгеге қысқартылған.

Депутаттар әсіресе денсаулық саласын реформалауға тиісті қаржаттың 3 млрд теңгесі қысқартылғанына алаңдады. Есесіне 250 млрд теңге кезінде несиені оңды-солды таратқан жеке меншік банктердің проблемасын шешуге ойланбастан берілген. Осы ретте «жомарттық» танытқан Үкіметтің әрекетін түсінбегендер көп.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Нақтыланған бюджетте 325 млрд теңге Ұлттық қордан трансферт ретінде алынады. Оның басым бөлігі, яғни 250 млрд теңгесі проблемалы несиелер қорына беріліп отыр. Неге жеке меншік банктердің мәселесін мемлекеттік қаржы есебінен шешеміз? Ол қаржыны банктер қалай қайтарады және қандай банктерге беріледі?

Бұл масылдық 2008-2010 жылдарғы дағдарыстан бері жалғасуда. Банктер мемлекеттен қайыр көрсе де, тұтынушылық несиелердің пайыздық үстемесін азайтар емес. Жеке бизнес болған соң, Ұлттық банк қаржы ұйымдарының қызметіне қол сұға алмайды. Тек ұсыныспен шектеледі.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы: 

Бізде көптеген проблемалы несиелер бар, солардың соммасы 4 трлн астам. БТА мен КазКом жалпы соммасы үлкен сол проблеманы шешу үшін, көмек болады. Оның механизмі - 10 жылға береміз ақшаны, 10 жыл ішінде ол осы проблемалы несиелерді шешу керек. Егер шешпесе, кепілдікке акциялары қалады. Акцияларын алып аламыз.

Жұмыс істемей тұрған несиелер деңгейі жыл соңына дейін 15 пайызға, ал алдағы жылда 10 пайызға төмендейді. Ал мемлекетке қарызды қайтара алмаған банктердің акцияларын алып қоямыз деген Қайрат Келімбетов өз сөзіне 100 пайызға сенімді екенін айтты. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы: 

-Вы всегда верите в то, что говорите? – Да, я стараюсь верить на 100 процентов тому, что сам говорю.

Ал Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жүрдім-бардым жауап берсе де, алдағы келе жатқан үш жылдың оңайға соқпайтын айтты. Сондықтан депутаттар бюджетті 3 жылға жоспарлауды қойып, бір жылдық жоспарға көшу керек дегенді бұған дейін талай мәрте айтса да, бұрынғы жүйе қайтып келмейтінін айтқан министр жиын соңында шаршағандай әсер қалдырды.

- Бүгін не болған сендерге? Кімсіңдер, қалайсыздар? -Айтыңызшы, бюджетті бір жылға жоспарлау бұрынғы жүйеге қайту мүмкін бе? - Жоқ.

Осылайша өзіне сенімді Ұлттық банк төрағасы мен Ұлттық экономика және қаржы министрілеріне де депутаттар сенім білдірді. Сөйтіп заң жобасын мақұлдап тарқасты. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ