Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» «Лада» командасын жеңді

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2014
  • 1293

«Барыс» командасы жанкүйерлерін қуантты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Тольятти қаласының «Лада» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері 2:1 есебімен басым түсті. Самат Қанағатов толықтырады.

Елордалық «Барыс» командасы өз айдынында жеті кездесу өткізеді. Алғышқы екі ойында Андрей Назаровтың шәкірттері 4 ұпайды олжалады. Алдымен, «Югра» командасына овертаймда жол берген қазақстандық ұжым артынан Тольятти қаласының «Лада» клубын жеңді. Дегенмен, кездесуді ширақ бастаған қонақтар бірінші болып есеп ашты. Шайбаның авторы - Виталий Шулаков.

Бірақ, ресейлік хоккейшілердің қуанышы көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан айдын иелері Константин Пушкаревтің көмегімен таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде есеп ашылмағанына қарамастан, соңғы үзілістен тынығып шыққан «Барыс» командасы есепті еселеді. Бұл сәтте сан басымдығын жүзеге асырған Майк Ландин жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Қалған уақытта «Лада» клубы есепті теңестіру үшін аянып қалмады. Бірақ, қорғанысы сыр бермеген айдын иелері жеңіс есебін ұстап қалды.

Константин Пушкарев, «Барыс» клубының шабуылшысы:

Кездесу біздің басымдықпен өтті. Тек ойын аяғына қарай қарсылас команда біздің қақпамызға тап беріп, есепті теңестіру үшін барын салды. Бірақ, қақпашы Ян Лацоның шеберлігі жеңіс есебін ұстап қалуға мүмкіндік берді.

Келесі кездесуін «Барыс» командасы енді Нижнекамск қаласының «Нефтехимик» клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ