Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласында қыс басталмай жатып жылу құбыры жарылды

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2014
  • 1910

Астананың орталық көшелерінің бірін аяқ астынан қалың тұман басты. Бұл - жарылған жылу құбырынан аққан судың буы. Құбыр таңертен Бөгенбай мен Республика даңғылдарының қиылысында жарылды.

Төтенше оқиға туралы хабар біздің арнамызға сағат он шамасында түсті. Құбырдан атқылаған ыстық судан бір көшенің бойы тұманға оранды. Көше бойы аққан су Республика-Бөгенбай даңғылдар қиылысынан Әуезов көшесіне дейін жетті. Оқиға орнына бізден соң жеткен апаттық қызмет көлігі пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Жарылған құбыр басында 10-15 минут тұрған апаттық қызмет көлігі кетуге асықты. «Астана Теплотранзит» деген белгісі бар киім киген жұмысшылар басшы деп сілтеген азамат сөзге келместен қаша жөнелді.

Жарылған құбырдың қандай мекемеге тиесілі екендігін және апат салдарынан қанша үй жылусыз қалғанын анықтау мүмкін болмады. Біз қоңырау шалған «Астана Теплотранзит» акционерлік қоғамы «бізде бәрі дұрыс, апат болған жоқ» деп отыр. Ал, қалалық төтенше жағдай департаменті әкімдікке сілтейді. Оқиға орнына жақын маңдағы көп қабатты үйлердің бірінің тұрғындары, осыдан бірнеше күн бұрын апат орнында жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады.

Мәрзия Асаубаева:

Қай күні түнде варить етіп еді бейшаралар, шала варить етті-ау деймін. Неше күн бұрын? Білмеймін, 3-4 күн болып қалды ғой деймін. Таңертен жылу болды, жаңа қарасам, кішкене салқын екен.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ