Русский Сайттың толық нұсқасы

Мердігердің жауапсыздығынан Павлодардағы 40 отбасы үйлерін тағы бір жыл күтетін болды

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2014
  • 1173

Мердігердің жауапсыздығынан Павлодардағы 40 отбасы қоныс тойын тағы бір жыл күтетін болды. Бұл отбасылар - Алюминстрой мөлтек ауданында былтыр бұзылған ескі 5 үйдің тұрғындары. Олар сарыла күткен жаңа баспанаға қашан қол жеткізерін білмей дал. Құрылысы басталған 12 қабатты нысанның іргетасынан басқа әзір түгі жоқ. Ал жергілікті әкімдік жұмысты шала жүргізген фирмамен соттасып та үлгерген. Шенеуніктер шаруаның жанданатынына сенімді. Бірақ созылып кеткен іске тұрғындар наразы. Әсіресе бұқара «құлағалы тұрған үйдің астында қаламыз ба» деп алаңдайды. Тақырыпты өңірдегі әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы тарқатып айтып берсін.

Саманнан соғылған мына екі қабатты үйлер әуелде уақытша баспана ретінде тұрғызылған болатын. Алайда міне алпыс жылға жуықтап қалды, мұнда тұрғындар кәдімгідей тұрып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті билік Алюминстрой ауданындағы 5 бірдей екі қабаттыны бұзған еді. Сөйтіп, орнына су жаңа көпқабатты тұрғызылады деп уәде берген. Алайда 1 жылға жақындап қалды, бұл құрылыс қаңтарылып тұр.

Лариса Мудрецова 2013 жылдың көктемінде өзі тұратын аудандағы құлауға шақ қалған алғашқы 5 үй сүрілгенде, балаша қуанғанын еске алады. Қария көп кешікпей көршілері сияқты өзі де жаңа баспанаға кіремін деп сенді. Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Қарқынмен басталған құрылыс маңдымады. Ақыры мүлдем тоқтап қалды. Сондықтан зейнеткер ескі баспанасын қанағат етіп отыр. Енді оның үміттен күдігі басым.

Лариса Мудрецова:

Біз көшіп келгенде, жаңа баспанаға көшіреді деген әңгіме айтылған. Бірақ 10 жыл өтті, бәрі сөз жүзінде қалып отыр. Егер тағы он жыл күтесіңдер десе, жөндеу жұмыстарын жасап, пәтерімізді ретке келтірер едік. Алайда қазір ештеңеге құлқымыз жоқ.

Сүрілген 5 үйдің бұрынғы тұрғыны Татьяна Белоусованың алдыңғы кейіпкерімізге қарағанда, «айы оңынан туыпты». 10 жылдай Алюминстрой ауданының тұрғыны болған қазір жаңа баспанаға көшіп келген. Әуелде уақытша беріліпті. Қазір сол пәтерін рәсімдеп алған.

Татьяна Белоусова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Баспанамыз жақсы. Не керек басқа?! 3 бөлмеліні 3 бөлмеге алмастырдым. Бірақ қазіргі пәтерімнің аумағы кең. Шынын айтсам, бұл отбасымыз үшін ғажайып сый болды. Жап-жаңа ұямызды қуана жөндеп жатырмыз.

Үйлері қиратылған тұрғындар уақытша баспаналарға орналастырылған. Жергілікті билік таңдау жасауды ұсыныпты. Көпшілігі шаршы метрі өз баспанасынан кішірек берілгендіктен, жаңасын күтіп жүр. Алюминстрой ауданының тұрғындарына арналған жаңа Сарыарқа шағын ауданының мынау - алғашқы баспанасы. Он екі қабатты, 1 мың 272 пәтерлі тұрғын үй биылғы тамызда қолданысқа берілуі керек-тін. Бірақ мердігердің жауапсыздығынан әзірге іргетасы ғана бар.

Азамат Бәйтенов, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Жұмысты кешеуілдеткеннен кейін біздің құрылыс бөлімі оларды сотқа беруге мәжбүр болған еді. 2015 жылдың бірінші тоқсанында осы 12 қабатты үй тапсырылады. 132 отбасы ие болады осы үйлерге.

Айта кетейік, Алюминстрой шағын ауданында тозығы жеткен 159 үй бар. Былтыр бесеуі бұзылса, 2015-те тағы 25-і сүріледі деп жоспарланған. Сөйтіп, келер жылы жалпы 240 отбасы жаңа баспанаға кірмек. Ал әзірге аудандағы төрт мыңға жуық тұрғынға төбесі құлап, қабырғасы қақыраған ескі үйді паналаудан басқа шара қалмаған. Қамыстан соғылғандықтан, бұл үйлерде қауіпсіздік мәселесі де өзекті.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ