Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысы жаңа инвесторларды тартуды көздеп отыр

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2014
  • 1157

Павлодар облысы жаңа инвесторларды тартуды көздеп отыр. Қомақты қаржыны құюға ниетті қалталыларға өңір, құны 1 млрд 700 млн АҚШ долларға бағаланған жаңа 124 жобаны ұсынуға әзір. Бұл мәселе аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ертіс-Инвест-2014» халықаралық форумында кеңірек талқыланды.

Шараға еліміздің алпауыт өндіріс ошақтарының жетекшілері, ұлттық компания мен даму институттарының өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, жиынға алыс-жақын шетелдерден, нақтырақ айтсақ, Ресей, Германия, Түркия және Испаниядан да делегациялар келді. «Павлодар облысы Қазақстанның инвестициялық картасында маңызды орын алады. Мұнда бизнесті қолдап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін барлық мүмкіндіктер бар», - деді Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов. Әсіресе, ол темір жол кластерін құруға бағытталған ауқымды қадамдарды - басты жетістік деп атап өтті. Шетелдік инвесторлардың назарына кальцийленген сода өндірісі зауытының құрылысы, кальций гипохлоритін, балқытқыш қышқыл мен алюминий фторидін өндіру сынды бірегей жобалар ұсынылды. «Ертіс-Инвест-2014» халықаралық форумы барысында павлодарлық билік өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісім-шарттарға қол қойды.

Александр Третьяков, Омбы облысы үкіметі төрағасының орынбасары, Ресей:

Бұған дейін біз іссапармен келгенде мұндағы кәсіпорынның бір-екеуіне ғана кіріп, танысатынбыз. Форум арқылы бұл үрдіс жаңа бір белеске шығады деп сенемін. Яғни, бүгінгі шара арқылы омбылық бизнес Павлодардың бар потенциалын етене тануға мүмкіндік алмақ. Сөйтіп, өзара тиімді, әрі әріптестік қатынасты қалыптастыруға жол ашылады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ