Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан
үшін Таяу Шығыс елдерінің ішінде негізгі инвесторлардың бірі. Осындай
мәлімдемені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, Біріккен
Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары
Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесуде жасады.
Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай,
кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық
салалардағы екі жақты қарым-қатынастардың басымдығы бар мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тұстары да сөз
етілді.
Мемлекет басшысы, Біріккен Араб
Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің
арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша
нығайғанын атап өтті. Тығыз ынтымақтастықтың мысалдары ретінде Елбасы Астанадағы көп функционалды «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын, Al Hilal Bank
ислам банкі мен Қазақстандағы «Фалах» бірлескен инвестициялық қордың қызметін
келтірді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА