Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 27 ірі өндіріс кәсіпорындары тоқтап тұр

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2014
  • 1505

Қарағандыда 27 кәсіпорын тоқтап тұр. Олар өнеркәсіп саласында аса пайдалы жобалар қатарына енгізілген еді. Алайда, кәсіпкерлердің жауапсыздығы, инфрақұрылымның нашарлығы мен инвесторлардың салғырттығы бизнеске тұсау салды. Тіпті, жобаларын тастап, қашып жүргендер де бар. Мұндай деректер Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен жиында жария болды.

Аймақтық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілінің мәлімдеуінше, кәсіпорындар бәсекеге қабілетсіз болып шыққан. Салдарынан Қарағандыдағы линолеум зауытын жабуға тура келді. Темір бетон, асбест-цемент, мәрмәр тас зауыттары да босқа тұр. Балқаш ет комбинатының жұмысына шикізаттың тапсырылмауы кедергі келтірген. Ал, кей бизнес жобалардың қожайындары із-түзсіз жоғалып кеткен. Аймақ басшысы, Нұрмұхамбет Әбдібеков ғайып бизнесмендерді қалай да табуды, тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру картасын жасауды тапсырды.

Төлеген Игембаев, Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы:

Қарағандыда 7, Балқашта 2, Сәтпаев 1, Саран 5, Теміртау 4, Шахтинск 5-еу. Ал аудандарда 6 объект орналасқан. Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өңірдегі әкімдіктермен бірлесіп, тоқтап тұрған тұрақтандыру бойынша кәсіпорындардың жұмыстарын жүргізеді.

Айжан КУАШ