Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдың әуежайы күрделі жөндеуден соң қайта ашылды

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2014
  • 1306

Ұшу-қону алаңы күрделі жөндеуден өткен Орал әуежайы алғашқы ұшақты қабылдады.

Аталған мекеме қыркүйектің 1-нен бастап қызметін уақытша тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз. Ал әуежай жөндеуге жабылған кезде жолаушылар Оралдан 500 шақырым жердегі Атырау қаласына автобуспен қатынап, сол жақтан діттеген жеріне ұшуға мәжбүр болған еді. Жөндеу жұмыстары мерзімінен бір апта бұрын аяқталған ұшу-қону алаңын Атырау-Орал бағытындағы экипаж сынақтан өткізді.

Берік Сапаров, экипаж командирі:

Совет одағының кезіндегі самолеттер болса, олар жерге де қона беретін. Ал мына самолеттер электроника, авионика дейді. Осындай самолеттарға осындай жақсы ұшу-қону жолы керек.

Орал әуежайындағы ұшу-қону алаңының салынғанына 40 жыл өтсе де, күрделі жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен ұшу жолағының апатты күйге түскенінен қауіптенген алып лайнерлер, 2 жылдан бері Оралға қонудан бас тартқан. Әуежайдың ұшу-қону алаңын ретке келтіруге 6 миллиард теңге бөлінді. Екі кезеңмен жүретін жөндеу ісінің алғашқы кезеңінде ұшу алаңының ұзындығы мен ені ұлғайтылса, келесі жылы ұшу алаңына метеорогиялық және жарық қондырғылары орнатылмақ. Әуежайдың ғимараты да жөнделеді.

Еркін ҚАРИН