Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда қару жоғалу оқиғасына орай полиция басшылары жұмыстан босады

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2014
  • 1219

Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының 5 қызметкері жұмыстан босатылды. Олар - аталған басқарманың бастығы мен оның екі орынбасары, сондай-ақ өткен аптада 4 табельдік қаруды ұрлады деп айыпталған екі инспектор. Тағы 9 полицей қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жайында Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің мамандары айтты.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптада Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының сейфінен 18 қару-жарақ жоғалған еді. Арасында автомат, тапаншалар мен оқ-дәрілер болған. Оларды жергілікті тұрғындар балқыту үшін тапсырғаны да белгілі болды. Соңынан анықталғандай, қаруға қол салған Жезқазған ішкі істер басқармасының өз қызметкері мен тағы бір инспектор болып шықты.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Қарағанды облысының ІІБ бастығының бұйрығымен Жезқазған ІІБ-нің 5 қызметкері жұмыстан босатылды. Оның ішінде бастығы мен оның екі орынбасары да бар. Тағы 9 полицей қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айжан КУАШ