Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда облыстың экс-әкімі Ерлан Арынға қатысты қылмыстық істің алғашқы тыңдалымы өтті

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 1039

Бүгін Павлодарда облыстың экс-әкімі Ерлан Арынға қатысты қылмыстық істің алғашқы тыңдалымы өтті. Белгілі болғандай, шенеуніктің үстінен әуеліде тағылған 10 айыптың тек үшеуі бойынша іс қозғалған. Бұрынғы әкім төңірегіндегі ахуал туралы Әсемгүл Мұхитқызы.

Өңірдің бұрынғы басшысы Ерлан Арынның ісі бүгін қылмыстық істер жөніндегі облыстық ауданаралық сотқа келіп түсті. Сот отырысының алғашқы тыңдалымында шенеунікке Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды. Бұл – «Ірі көлемдегі алаяқтық», «Ірі көлемдегі пара алу фактісі» және «Қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру».

Айта кету керек, бұған дейін Ерлан Арынға 10 эпизод бойынша айып тағылған болатын. Алайда «айғақтар толық емес және тергеу жан-жақты жүргізілмеген» деген ұйғарыммен қазанның онында іс қайта тергеуге жіберілді. Нәтижесінде экс-әкім әзірге үш бап бойынша жауапқа тартылып жатыр. Бірақ прокурорлар алынып тасталған айыптарға қосымша тергеу тағайындалғанын жеткізді.

Рагимхан Дубаева, мемлекеттік айыптаушы:

Алдын ала тыңдалымда қорғаушылар тарапынан түскен ходатайство қаралды. Айыпталушы жақ істі қосымша тергеуге жіберуді және жазаны өзгертуді сұраған болатын. Алайда сот келіспеді. Сөйтіп, соттың шешімімен қарашаның 10 күні сағат 10.00-де басты сот отырысы белгіленді.

Бүгінгі тыңдалымға Ерлан Арынның әйелі, сондай-ақ шенеуніктің бір топ жақтаушысы да жиналды. Ал журналистер кіргізілмеді. Бірақ тілшілер айыпталушыны бірер сәт көру мүмкіндігіне ие болды. Экс-басшы аздап арықтаған және шашы алынған. Алайда көңіл- күйі жақсы.

Ерлан Арын Павлодар облысына 2012 жылдың қаңтар айында әкім болып тағайындалды. Бұған дейін жергілікті жоғарғы оқу орнының ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ғалым әрі қоғам белсендісі ретінде танылған. Араға екі жыл салып, яғни өткен жылдың аяғында Кереку өңірі ауқымды коррупциялық даудың ортасында қалды. Облыс әкімінің кеңесшісі Төлеген Бәстенов ірі көлемде пара алып тұрған жерінен құрықталды. Іле-шала  желтоқсанның 20 күні Ерлан Арын өз еркімен қызметтен кеткен еді. Биыл наурыздың 4 күні қаржы полициясы өңірдің бұрынғы басшысын қамауға алды. Сот процесі енді келесі дүйсенбіден басталады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ