Русский Сайттың толық нұсқасы

Жекешелендіру аясында 82 нысан жеке тұлғалардың қолына өтті

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 1059

Өз меншігіндегі нысандарды бәсекелік ортаға беру барысында мемлекет жоспарланған табысты бір жарым есе артығымен өндірді. Жекешелендіру аясында бүгінде 82 нысан жекенің қолына өткен. Нәтижесінде жалпы 4 млрд 600 млн теңге табыс түскен.

Бұл сома республикалық және облыстық бюджетке бағытталып, ұлттық компаниялар қазынасына, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды орындауға бөлініп отыр. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрлігі өкілдері жекешелендіру кезінде ең қымбат, әрі қызу таласқа түскен нысандар туралы айтып берді.

Эдуард Өтепов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитетінің төрағасы:

Қаңтар айында сатылған ең қымбат нысан «МАК Екібастұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бағасы 1 млрд 21 млн теңге. Ең қызу сауда Оңтүстікте, Қазығұртта болды. Аукционға қатысушылардың саны да көп, бастапқы баға да 50 рет өсті. Екі нысан да «Қазақстан Темір Жолына» тиесілі болатын.

Дегенмен, мемлекеттік компанияларды сатып алушылар кім деген ақпарат жарияланбай отыр. Эдуард Өтеповтың айтуынша, жаңа меншік иелері бұл ақпаратты жарияламауды өтінген. Жекешелендіру аясында жыл соңына дейін жалпы саны 311 нысанды бәсекелік ортаға беру көзделіп отыр. Алайда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитеті төрағасының сөзінше, нысандар ойлағандай оңай өте қоймайтын көрінеді.

Эдуард Өтепов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитетінің төрағасы:

Сатуға қойылған нысандардың басым көпшілігі өте қоймайды, мойындаймыз. 12 республикалық нысанның тек төртеуі сатылды. Нысандардың маңызды екені анық, бірақ көбіне бағасы немесе иелік пакетіне келіспей жатамыз. Осыдан барып құнын төмендетуге тура келеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ