Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Жеңіс даңғылындағы көп қабатты үй қираудың алдында

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2014
  • 1503

Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің бірі қираудың алдында тұр. Жуырда шатырдың су ұстайтын ернеуі құлаған. Абырой болғанда, адамдар аман. Дегенмен тұрғындар үшін үйге кіріп шығу мұңға айналып отыр. Олар тіпті балконға шығуға қорқады. Іргетасы қаланғанына жарты ғасыр болған баспана әлі күнге дейін жөндеу көрмеген. Айта кетейік, ескі баспанада негізінен зейнеткерлер, соғыс және еңбек ардагерлері тұрады.

Еңбек ардагері Надежда Путра шатыр ернеуінің бір бөлігі құлаған күні қатты шошып қалған. «Оқыс шыққан дыбысқа жалт қарағанымда, қирандылардың балконға түскенін көрдім», - дейді. Кірпіштер аулаға құлаған. Бұл кезде есік алдында кішкентай балалар да, ересектер де жүрген.

Қарымсақ Медетов:

Төбенің барлығынан су ағады. Карниздің барлығы құлап жатыр. Осы үйде ылғи зейнеткерлер тұрамыз. Оның үстіне біздің көшеміз - проспект Победы, 33. 70 жылдыққа бір көрініп қалуға болады ғой акиматқа.

65 пәтерлі баспана тұрғындары тосын сыйға тап болудан күн сайын үміттенеді. Төбеден сылақ пен кірпіштің құлауы - бір бұл емес. Шаһар ортасындағы аты дардай Жеңіс даңғылынан жүргіншілер көп өтеді. 57 жыл бұрын салынған баспанаға күрделі жөндеу жасауға тұрғындардың шамасы жоқ. Олардың азын-аулақ қаржысы жертөлені реттеп, кәріздерді жөндеуден аспайды. Зейнеткерлер мен ардагерлердің бар үміті жергілікті билікте. Ал пәтер иелері кооперативінен қайран болмай тұр.

Марина Любина, кондоминиум төрайымы:

Осы үйде тұратындардың 80 пайызы зейнеткерлер, қаражат жинап, қалған жұмысты жасап жатырмыз. Ал мына карнизге жетпейді, жасай алмаймыз. Зато улица называется Победа. Какая это Победа, когда это развалюха?

Жергілікті әкімдік Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құрметіне тегін жөндеу жасай алмайтындарын ашық айтты. Атаулы мерекеге тек Кеңес одағы батырларының атына берілген 7 көше мен ардагерлердің пәтері жөнделмек. Сондықтан шенеуніктер үйді терможаңғырту бағдарламасына ұсынды.

Жұлдызбек Бисембин, Ақтөбе қалалық әкімдігі тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

Бізде ешқандай бағдарламалар жоқ, жөндеу жасайтын. Біз 2012-2013 жылдары түсініктеме жүргіздік біздің мамандармен. Барып айтып түсіндірдік. Тұрғындардың барлығы бағдарламаға қатысудан бас тартты.

Жеңіс даңғылы 33-үйде тұратын қарттар терможаңғырту бағдарламасына көнгісі жоқ. Жалғызбасты қариялар: «Азғантай қаржымызды азыққа, дәрі-дәрмекке жұмсаймыз. Артылғанын қаралы күнге жинап жүрміз», - дейді. Алда қылышын сүйретіп, қыс келе жатыр. Баспанасының шатыры сынған ақтөбеліктер болса, келер көктемге дейін аман шығатынына да сенбейді.

Мансұр ЕСҚОЖИН