Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы бензин тапшылығына Павлодар МӨЗ-нда болған апаттың еш қатысы жоқ

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 1200

Алматыда орын алған бензин тапшылығына Павлодар мұнай химия зауытында болған апаттың еш қатысы жоқ. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мамандары айтты.

Қазанның 25-і күні аталған зауытта өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан мұнай өңдеу процессінде ауытқулар болғаны рас. Сондықтан, АИ-92 маркалы бензинінің өндіріс ауқымы да кеміді, - деді аталған басқарманың бөлім басшысы. Ол Павлодар мұнай химия зауытының өнім көлемі жоспарлаған межеден аз болғанын жасырмайды. Зауыт 6 жеткізуші компаниямен жұмыс істейді. Бірақ, өткен айда екі кәсіпорын шикізат жеткізбеген. Сөйтіп, өңделген мұнай 40 пайызға төмен болған. Дегенмен, бұл үрдіс тек Павлодар және астаналық жанар-жағармай нарығына әсер ете қоюы екіталай, - дейді Гүлмира Жансейітова.

Гүлмира Жансейітова, Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының бөлім басшысы:

Алматы жанармай нарығын қамту ісіне біздің әсеріміз болды деу дұрыс емес. Өйткені, Павлодар мұнай химия зауыты солтүстік өңірді, яғни Астана қаласын қамтып келген. Алматы шаһарының ішкі нарығын бензинмен қамту ісі Шымкенттегі зауыттың құзырында.

Еске салайық, Алматы шенеуніктері Павлодар мұнай-химия зауытында болған апаттан соң, мегаполисте АИ-92 маркалы бензин тапшылығы орын алды деген болатын. Осы себепті 30 пайыз май құю бекеттерінде бензин талонмен босатылғанын айтқан еді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ