Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында жабайы иттер тағы қойды қырып салды

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 2320

Батыс Қазақстан облысында малға ит тағы шапты. Бүгін таңға жуық Подстепный ауылы тұрғынының 15 шақты қойын жабайы иттер қырып кеткен. Өткен аптада ғана дәл осы отбасының 70-тей ұсақ малына хайуандар шабуыл жасаған болатын. Үй иесі малға қырғидай тиген ауыл иттері деген сенімде. Ал аңшылардың пайымы басқа. Оқиға орнына барып қайтқан әріптесім Еркін Карин тақырыпты тарқатады.

Нұрғалидың қорасы қаңырап қалыпты. Айтуынша, осыдан 3 күн бұрын ғана қойға тола болған. Отағасы малын қырып кеткен тағыларға тосқауыл болмаса, енді үш күннен кейін қолына таяқ ұстап қалам ба деп қорқады.

Нұрғали Темірғалиев:

Ит үргесін қораға қарай барсам, сол ит арттарынан тістеп, жығып құлатып жатыр. Сосын ішке кіріп, айырымды алып қолыма кіріп кеттім, мен де кіріп, артынан қуып біреуін өлтірдім. Басқалай қолымнан ештеме келген жоқ. Екеуі секіріп қашып кетті. 

Бар-жоғы үш күннің ішінде 85 ұсақ малынан айрылып қалған тұрғын енді не істерін білмей отыр. Тіпті жараланған малдарын сойып, азық қылудан да қауіптенеді.

Ит әлде қасқыр екендігі белгісіз құбыжықтан қорыққан мал біткен осылайша бас сауғалауға кіріскен. Тіпті мына кішкентай лаққа дейін шелекке басын тығып алған. Былай қозғасаңыз да, үрікпейді. Ал үй иелері мұндай жануарлардың енді мал болып кәдеге жарамайтынын айтады. Сондықтан жалғыз амал - оларды сойып тастау.

Ауылды дүрліктірген осы оқиғадан соң, арнайы комиссия да құрылған. Комиссия төрағасы аудан әкімінің орынбасары өлген малға өтемақы төлеудің заңды жолдарын қарастыратынын айтты. Сондай-ақ, мал ұстайтын шаруашылықтарда күзет күшейтілмек.

Лауаз Уәлиев, Теректі ауданы әкімінің орынбасары:

Үш күн күндіз-түні кезекшілікпен жұмыстар жүргізілді. Барлығы 14 ит жойылды. 3 иттің басы лабораторияға жіберілді. Біз көрсеткенде, үй иесін бірге алып жүрдік, әрбір итті көрсетіп, ол кісі өзі таныды. Соңғы итті осы үйдің қасынан күтіп алып, үшінші күні үйдің қасынан өлтірілді.

Ал кәсіби аңшылар қойларды иттер емес, қасқырлар қырып салғанына сенімді. Өйткені малға шапқан ит бір қоймен шектеліп, жарып жейді, ал қасқыр бір мезетте ондаған қойды жайрата алады.

Александр Криуля, аңшы:

Иттердің тісі де, күші де әлсіз, сондықтан бір емес, бірнеше ірі төбет болса да, қора толы қойды бұлай қырып кетуге тек қасқыр секілді азулы аңның ғана әуселесі жетеді. Қасқыр өз бөлтірігін осылай шабуыл жасауға баулиды. Ал бұрын қасқырды тірілей көрмеген адамдар оны итпен шатыстырады.

Енді полицейлер жақын маңдағы ауылдарды сүзіп шықпақ. Ит ұстайтын аңшылар тексеріледі. Айта өтейік, жыл басынан бері облыс аудандарында иесіз 573 ит өлтірілген.

Еркін КАРИН