Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаулық отбасы әскери бөлім аумағында тұрып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 1071

Ақтаулық Заломовтар отбасы еріксіз тұтқынға айналып отыр. Әжесі, анасы және екі қызы 15 жылдан бері әскери бөлім аумағында, оқ-дәрі сақтау қоймасы маңында тұрып жатыр. Олар тіпті соңғы рет қашан қонақ қабылдағандарын да еске түсіре алмады. Келген адам әскерилер секілді бақылау-өткізу бекетінен жіті тексерілуі шарт.

Бұл үй осыдан 30 жыл бұрын Еленаның ата-анасы мен бірге 11 отбасына ведомстволық пәтер ретінде беріліпті. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында осы аумаққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қарасты әскери бөлім тұрғызыла бастаған. Еленаның айтуынша, көз ілеспес жылдамдықпен салынған құрылыс екі қабатты шағын үйдің де аумағына өтіп кеткен. Осыдан кейін жүріп-тұруы шектелген тұрғындардың көпшілігі баспаналарын тастап көшіп кеткен. Тек Елена қолындағы қос қариямен, екі қызымен қалып қойыпты. Барар жері болмағанын айтады.

Елена Заломова:

Сақшы жүреді. Терезеден 10 метр жерде тікенекті сым. Жақын маңда штаб, госпиталь, ана жерде әскери бөлім, әскерлердің моншасы тұр.

2006 жылы баспананы басқа пәтерге алмастырмақ болған тұрғын, үйдің не әскери бөлімге, не кент әкімдігіне қарамайтынын анықтаған. Сеніммен есігін қаққан Ақтау әкімдігі көмек бере алмайтынын айтып, сотқа жүгінуге кеңес беріпті. Ал соттағылар бұл қос тараптың келісімімен шешілетін мәселе деп арызды қабылдамай қойған. Әскери бөлім әкімдікке үйді көшіру туралы ұсыныс тастаған.

Сағынғали Амангелдиев, Ақтау қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Біз бірнеше рет әскери бөлім басшыларымен сөйлестік, бұл әйелге барынша көмектесуге тырыстық. Бірақ құқықтық жөнсіздікке тап болып отырмыз. Түсінесіз бе, біз де, әскери бөлім де ештеңе істей алмайды. Оған пәтер бере алмаймыз. Оның мәртебесі пәтер бермек түгілі, кезекке қоюға мүмкіндік бермейді.

Мария Заломова, Е.Заломованың анасы:

Олар сотқа барыңдар деп отыр. Біз сотқа да жүгінгенбіз. Ондағылар бізде бұл сотта қаралатын іс емес, екі тарап өзара шешу керек деді. Құжаттардың барлығын Астанаға 5 инстанцияға, тіпті Президент Әкімшілігіне де жолдадық. Олар да жергілікті жерде шешілу керек деп жауап қайтарды. Бірақ әлі шешілер емес.

Базаркүл ІЗІМОВА