Русский Сайттың толық нұсқасы

KEGOC компаниясы «Халықтық IPO» аясында роуд-шоу өткізді

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 869

Елімізде электр желілерін басқаратын KEGOC компаниясы «Халықтық IPO» аясында роуд-шоу өткізді. Бүгіннен бастап брокердің көмегімен Ұлттық компания акцияларын сатып алуға өтініштер қабылданады. «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы мен Ұлттық экономика министрі ел тұрғындарын акционер атануға үндеді. Жекелеген инвесторлардан өтініш қабылдау 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал 19 желтоқсанда құнды қағаз биржада сатыла бастайды. Әр акция құны 505 теңге тұрады.

Компания жылына түскен табыстың 40 пайызын дивидент төлеуге аудармақшы. KEGOC басшылығы инфрақұрылым шикізатқа тәуелсіз болғандықтан, сыртқы факторлар әсер етпейтінін және электр энергиясын тасымалдау үздіксіз процесс екенін атап өтті. Сондықтан табыс тұрақты болады деп сендірді. Барлығы 26 млн акция сатылады. Әр инвесторға 14 мыңға дейін акция иеленуге рұқсат. 

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Бұған дейін «ҚазТрансОйлда» 7 млн акцияға дейін алуға рұқсат берілді. Осы шектің алынып тасталуы болашақта KEGOC акциясын аздаған бай адамдар сатып алып, иеленіп кетуіне жол ашпайды ма?

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:

14 мың акцияға дейін сатып алуға болады. Бірақ егер өтініштер саны біз сатылымға шығаратын акциядан асып кетсе, әр 14 мың акциядан бір-бірден алып тастап, сұранысты қанағаттандырғанша, теңестірміз. Тұрғындар сұранысы өтелген соң ғана, қалғаны «Жинақтаушы зейнетақы қорына» сатылады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ