Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» футбол командасы Қазақстан Премьер-лигасының жеңімпазы атанды

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 2367

«Астана» футбол командасы Қазақстан Премьер-лигасының жеңімпазы атанды. Соңғы алты жыл ішінде астаналық ұжым екі мәрте күміс медаль, Казақстан кубогы мен суперкубокті иеленді. Енді міне «Астана» командасы клуб тарихында алғаш рет ел чемпионы атағын уақытынан бұрын жеңіп алды. Самат Қанағатов толықтырады.

Премьер-лига ойындары аяқталмай жатып чемпион атанған «Астана» командасы жуырда Ақтөбе қаласынан оралды. Әуежайдан футболшыларды жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері күтіп алды. Сырт алаңда «Ақтөбе» клубына ұтылғанына қарамастан, ойыншылардың көңіл-күйі көтеріңкі.

Қайрат Нұрдәулетов, «Астана» футбол клубының капитаны:

Жеңістің барлығы оңай болмайды. Чемпионат басынан бізге алдымызға қойған мақсатымыз болды - чемпион атану. Сондықтан осы мақсатымызға жеткенімізге қуаныштымын. Әртүрлі ойындар болды. Бірақ барлығында ұттық. Кейбір кездесулер жанкүйер көңілінен шықпаған шығар. Дегенмен, мақсатымызға жеттік, соған қуаныштымын.

Әуежайдан футболшылар бірден чемпиондарды марапаттау салтанатына жол тартты. Астаналық команданы құттықтауға жанкүйерлер, ардагер футболшылар, еліміздің футбол федерациясының өкілдері және демеуші компания басшылары келді.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР футбол федерациясының президенті:

Осы жылы «Астана» футбол командасы Қазақстан чемпионы болғанымен құттықтаймын. Әрине, бәріміз үшін үлкен қуаныш. Үлкен нәтиже. Келешекте осындай нәтижеге жете беріңіздер. Келесі маусымда Астана Еуропа лигасында жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін.

«Астана» футбол командасын қаржыландырып отырған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры алдағы уақытта да қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры:

Алда осы жауапты кезеңдердің бәрінде осы еліміздің бетке ұстар командалары. Үлкен жұмыс атқарып жүр, менің ойымша. Біз әрі қарай осы доданы қолдауға мүмкіншілік жасауға дайынбыз. 

Чемпион атанған «Астана» командасы келесі жылы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды. Биылғы жылдағы нәтижені ескерсек, елордалық ұжым жанкүйерлерді тамаша жеңістермен қуантады дегенге сенім мол.

Самат ҚАНАҒАТОВ