Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақордада Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының кездесуі өтті

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 1236

Қазақстан Қырғыз Республикасына электр қуатын жеткізу ісін жалғастыра бермек. Бұл туралы Ақордада Қазақстан мен Қырғызстан жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің төртінші отырысынан соң ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Ал Қырғызстан cуару маусымы кезінде Қазақстанды сумен қамтамасыз етуге уәде берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бауырлас қырғыз халқын қолдап келдік, алдағы уақытта да қолдаймыз. Сондықтан  Қырғызстан президентінің өтініші бойынша биыл 400 миллион киловатт-сағат электр қуатын жеткізуге, алдағы жылы 1,4 миллиард киловатт-сағат энергия тасымалдауға көмек көрсетеміз. Біз техникалық шығындарға қарамастан, осы мәселені шешудеміз.

Алмазбек Атамбаев бір жылдан соң Қырғызстан  энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізетінін айтты. Дәл қазір Қазақстан қол ұшын бермесе, елді жарықтан жаппай ажыратуға тура келетін еді деген ол Қазақстан президентіне өз халқының атынан ризашылығын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қырғызстанның Кедендік одаққа мүше болу ниетін де барынша  қолдайтынын айтты.  Тіпті осы мақсатта көрші елге 100 миллион доллар бөлінбек.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Республикасының президенті:

Біз Еуразиялық одаққа кірмекпіз. Осы ретте Қазақстан өзінде артық қаржысы болмаса да, Қырғызстанды қолдауға 100 млн доллар бөледі. Мұндайды бауырлас халық қана жасай алады.

Айта өтейік, екі мемлекет басшылары бүгін шағын құрамда кездесу өткізді. Президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік транзиті, және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Елбасы Қырғызстан президентін  бауырластықты дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін  шет елдер лидерлеріне берілетін ең жоғары «Достық» орденімен марапаттады.

Бұдан бөлек,  президенттер екі ел арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар бірлескен декларацияға қол қойды. Инвестициялар және даму министрі Әсет  Исекешев пен Қырғызстан сыртқы істер министрі Ерлан Әбділдаев 2002 жылы 25 желтоқсанда бекітілген Қазақстан және Қырғызстан Үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА