Русский Сайттың толық нұсқасы

Қайрат Келімбетов: Мұнай құны құлдырауы Қазақстан экономикасына соққы болады

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 1363

Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Алматыда өткен «Қазақстандағы қаржыландыру өсімі» атты халықаралық форумда мәлімдеді.

Сөйтіп  бас банкир өз сөзіне өзі қарсы шықты. Өйткені ол бұған дейін мұнай бағасының құбылуынан Қазақстан экономикасының мұрты қисаймайды деп талай рет мәлімдеген. Және Ресей рублінің құнсыздануынан да елімізге ешқандай кері әсер болмайды деген болатын.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

"Қазақстанды барлығы мұнай өндіруші ел ретінде таниды. Біз әлемдегі мұнай шығарушы ең ірі 20 елдің қатарына кіреміз. Сондықтан  мұнайдың орта есеппен алғандағы бағасына тәуелдіміз. Баға баррелі үшін 85 доллар болуы мүмкін, сәл көп, не сәл аздау тіркелуі де ықтимал. Оны ешкім болжай алмайды. Баға құбылысы өте жоғары болуы мүмкін екенін де түсінеміз. Тіпті ол құлдырап кетуі де ғажап емес. Ал бұл жағдай Қазақстан сияқты мұнай өндіруші елге үлкен қиындықтар әкелуі мүмкін. Елімізге қазір Ресей экономикасының, әсіресе рубль бағамының төмендеуі әсер етіп отыр. Өйткені Ресей - Қазақстанның ірі сауда әріптесі".

Айгүл ӘДЕПБАЙ