Русский Сайттың толық нұсқасы

Белгілі қазақстандық дирижер Ренат Салаватов мерейлі жасқа толды

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 2918

Белгілі қазақстандық дирижер Ренат Салаватов осы аптада мерейлі жасқа толды. Талант иесі әлемдік сахналарда өнерін көрсетіп, әйгілі оркестрлерге дирижерлік етіп келеді. Нью-Йорк,  Париж, Лондон, Зальцбург, Мәскеу мен  Петербург  халқы оның  өнеріне тәнті болған. Бүгінде төрткүл дүниеге аты мәшһүр дирижер ең үздік симфониялық  ұжым - Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының оркестріне жетекшілік етеді.

Таяғын сермеп қалып, сан аспапты басқаратын Ренат Салаватов биылғы мерейтойын жұмыс орнында қарсы алды. Бұл күндері ол «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалінде қазы алқасына төрағалық етуде. Байқауға қатысушылардан гөрі өзі көп қобалжитын сыңайлы. «Қазылық ету тым жауапты іс», - дейді. 

Дарынды дирижердің музыкаға деген махаббаты жастайынан оянды. Шығармашылық өмірбаяны да мектеп қабырғасынан басталған. Алғашында Ренат Күләш Байсейтова атындағы мектепте виолончель сыныбына барады. 13 жасында Мәскеуге аттанып, орталық музыка мектебіне оқуға түседі. Кейін бағытымды өзгертіп, дирижерлікке ауысуды жөн көрдім дейді өзі. Айтуынша, дирижер үшін тек музыкант болу жеткіліксіз.

Ренат Салаватов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстан халық әртісі:

Кез-келген ұжым секілді оркестрдің құрамы да әркелкі. Көшбасшылар бар. Әлемге әйгілі  музыкантар бар. Осылар бастаманы өз қолдарына алып, түгелдей ұжымның дирижерға деген көзқарасын қалыптастырады. 

Дирижердің «қаруы» - таяқшасы.  Салаватов осы аспап арқылы  керемет туындылар жазып, талай елді аралап, өнерін көрсетті.  Дирижерлікті меңгерген шебердің өз құпиясы да бар. Айтуынша, адам үнемі ізденісте болу керек. Еңбекқорлық та аса қажет.  Симфониялық және  камералық  оркестрлерге жетекшілік етіп, опералық және балет қойылымдарында оркестрді  басқарған.

Ренат Салаватов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстан халық әртісі:

Бір дирижердің жетекшілік етуімен оркестр үлкен жетістіктерге жетеді. Басқаларымен ұжым өзін мейілінше жақсы қырынан көрсете алмай жатады. Осының барлығы сайып келгенде дирижердің кәсібилігіне байланысты.

Салаватов - тек дирижер емес. Ол әндер мен көркем фильмдерге әуен жазудың да хас шебері.  «Әлқисса» мен «Қар ханшайымы» атты екі балеті көрерменнің көзайымына айналған. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА