Русский Сайттың толық нұсқасы

Ержан Өтембаевты шартты түрде бостандыққа шығару туралы шешім шықты

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 1248

Ержан Өтембаев бостандыққа шығады. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге ықпалдасты деген айыппен түрмеде отырған Парламент Сенатының бұрынғы аппарат басшысын шартты түрде бостандыққа шығару туралы шешім шықты. Мұндай шешімді Астана қалалық мамандандырылған соты қабылдады. Сотталғанның өзі ұйғарымды скайп арқылы тыңдады.

Ербол Рахымбеков, Астана қалалық мамандандырылған сотының төрағасы:

Суд постановил - ходатайство Утембаева Ержана Абулхаировича об условно досрочном освобождении удовлетворить. Утембаева отбывающего наказание по приговору специализированного межрайонного суда Алматинской области от 3 февраля 2014 года по статьям 28 часть 5, 96 часть 2, пунктами Ж,З УК РК освободить условно досрочно на не отбытый срок 4 года 2 месяца 27 дней.

Ержан Өтембаев - қоғам белсендісі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жүргізушісінің және көмекшісінің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты фигуранттардың бірі. Ол 2006 жылдың 2 наурызында болған сотта қылмысты Рустам Ибрагимовке тапсырыс беру арқылы орындадым деп, бар кінәны мойнына алған. Бұл қылмысы үшін 20 жылға, ал қылмысты орындаушы Ибрагимов өмір бойы бас бостандығынан айрылған-ды. Алайда Рустам Ибрагимов 2012 жылы жауабын өзгертті. Ол Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырысты Өтембаев емес, Қазақстанның Австриядағы экс-елшісі Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтан алдым деп, Жоғарғы сотқа жүгінді.

Жаңа деректерге сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында сот Ержан Өтембаевқа қатысты үкімді ішінара өзгертіп, істі қайта қарауға жіберген. Нәтижесінде, сотталғанның қамақ мерзімі 20 жылдан 13 жылға шегерілді. Осыған сәйкес, мерзімінің үштен екі бөлігін өтеген Өтембаев сотқа уақытынан бұрын босатуын сұрап, өтініш білдірді. Мұндай өтініш атышулы істің басқа да фигуранттарынан түскен. «Бірақ ол өтініштер қабылданбады», - деді шешімді оқыған сот төрағасы Ербол Рахымбеков.

Ербол Рахымбеков, Астана қалалық мамандандырылған сотының төрағасы:

Ссылка потерпевших на то, что другим участникам данного преступления в предоставлении УДО отказано, так же не может быть основанием для отказа другому лицу.

Отырысқа қатысқан мемлекеттік айыптаушы да, түзету мекемесінің әкімшілігі де Өтембаевқа шартты бостандық беруді құптады. Тек жәбірленуші тарап - Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның жақындары сот шешіміне қарсы.

Еске салайық, Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшісі мен жүргізушісі 2006 жылдың 11 ақпанында өлтірілді. Іс бойынша Өтембаев пен Ибрагимовтен басқа тағы 8 адам жауапқа тартылды. Прокуратура осы іске байланысты үстіміздегі жылдың қаңтарында Әлиев пен Мұсаевқа қарсы қылмыстық іс қозғады. Рахат Әлиев Австрияның құқық қорғау органдарына биыл маусымда өз еркімен берілді, ал Әлнұр Мұсаев – іздеуде.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ