Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордадағы зағиптар қоғамы мемлекеттік қолдауға зәру

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 2252

Қызылордадағы зағиптар қоғамы мемлекеттік қолдауға зәру. Қала орталығындағы табиғи газбен қамтылмаған жалғыз ғимарат осы қоғамға тиесілі. Мекеменің 60 жылдай жөндеу көрмеген ғимараты суық пен ызадан құлауға шақ тұр. Қаңырап тұрған 2 қабатты ғимаратты қала тұрғындары тіпті тонап, кірпіштеп тасып жатыр. Ал 400 зағип жұмыс көзін таппай отыр. Жергілікті билік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын беруге дайын ба? Тілшіміз Шарипа Сақтапова тарқатады.

Кезінде бұл сахна төрінде бүкіл республикаға данқы тараған әйгілі фольклорлық ансамбль өнер көрсеткен. Клубта алты үйірме жұмыс істеп, жас та, кәрі де көңіл көтеретін. Думанды сахна болатын. Ал бүгінде ол ансамбльден қалған бар естелік - ескі пианино мен сырнай. Клубтың өзі соңғы 20 жылда жетімсіреп қалды.

Сәрсенкүл Әбдіраманова, «Қазақ зағиптар қоғамының Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС клуб меңгерушісі:

Жыл көлемінде 50 шақты іс-шара өткізу жоспарланса, оны 6 ай қыста өткізуге еш мүмкіншілік жоқ. Кәсіби маман жеткілікті болғанымен, клуб ішінде жылу жүйесі жоқ мүлдем.

Ересектер әсіресе балаларға алаңдайды. Көптен күтетін жаңа жылдық мерекені балақайлар кітапханада өткізуге мәжбүр. Қоғам мүшелері барлық шараны осы бөлмеде өткізеді.

Раиса Алдонғарова, арнаулы кітәпхана директоры:

Жаңа жылда, Наурызда іс-шаралар өткізген кезімізде оқу залы көп жағдайда тарлық болады. Айналуға келмейді, шыршаны қоршаймыз, өлеңімізді айтамыз.

Ескі ғимаратты газбен қамту үшін, екі жарым миллион теңгедей қаражат керек. Бұл шығынды зағиптардың қалтасы көтермейтіні анық. Ал анда-санда келетін демеушілер көмегі көбіне азық-түлікпен шектеледі. Табыстың жалғыз көзі - тігін цехы. Шағын тапсырыспен матрас пен төсек жабдықтарын дайындайтын цехтың табысы тек айлық пен коммуналдық шығындарды өтеуге жетеді. Ал екі қабатты өңдірістік ғимарат 19 жыл бойы босқа қанырап тұр. Кезінде мұнда аяқ киім қорабы, конверттер, кақпақтар жасалып, еліміздің барлық өңіріне таратылған.

Тәжібай Сыдықов, «Қазақ зағиптар қоғамының Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры:

Бүгінгі таңда 400 жуық мүгедектер маған келіп, жұмыс тауып бер, жұмыс істегім келеді, бала-шағамды асырағым келеді дегенде, қол қысқа, көмек беруге келмей тұр. Осындай мемлекет тарапынан көмек болса, ғимаратымызды жөндеп берсе.

Жергілікті билік, зағиптар қоғамының күрделенген мәселесінен хабардармыз, ғимаратты жандандыру жолдарын қарастырып жатырмыз, деп сендірді.

Мұрат Тілеуімбетов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Өндірістің әрмен қарай жұмыс істеуіне көмектесетін қалталы азаматтар іздейміз. Немесе сол мекеменің басшыларымен қазір сөйлесіп жатырмыз, сол ғимаратты жалға беру арқылы, сол жердегі азаматтарды жұмысқа тартып, әрмен қарай сол тірліктірен жасауға,  соған жұмыс жасап жатырмыз.

Екі қабатты өңдірістік ғимаратты іске қосу және ескі ғимаратты газдандыру мәселесін шенеуніктер осы жылдың аяғына дейын шешіп беруге уәде берді. Балалардың жаңа жылдық мерекесін өткізуге үлкен зал тауып бермек. Дегенмен, 13 қарашада тойланатын Зағиптардың дүниежүзілік күні мерекесін әдеттегідей кітапханада өткізуге тура келеді.

Шарипа САҚТАПОВА