Русский Сайттың толық нұсқасы

Германия халқы «Берлин қабырғасы» құлауының 25 жылдығын атап өтті

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 4855

Германия өткен демалыс күндері «Берлин дуалының құлағанына 25 жыл» толуын атап өтті. Коммунизм символының құлауының жарқын белгісі ретінде ұзындығы 15 шақырымды құраған мыңдаған ақ шарлар инсталяциясы ұйымдастырылды. Ол, тұрғындарға «қасірет қабырғасының» қай жерде орналасқандығын меңзеп тұрды.

Түн ортасына қарай шарлар көкке ұшырылып, дуалдың құлауын бейнеледі. Берлиндегі мерекелік шараға миллионға жуық адам қатысты. Мемориалдық меретой аясында Браденбург қақпасы алдында концерт ұйымдастырылды. Оның құрметті қонақтары ретінде Шығыс Еуропадағы социалистік режимнің құлауына себепкерлер болған Польша президенті Лех Валенса және бұрынғы кеңес одағының лидері Михаил Горбачев шақырылды.

Еске салайық, Берлинді шығыс және батыс бөлікке бөлген биік дуал құрылысы 1961 жылы басталған. Дуалдың жалпы ұзындығы 155 километрге жетті. 1989 жылы коммунистік ГДР-де дағдарыс күшейіп, үкімет шығыс бөліктегі азаматтарға Берлиннің батысына еркін өтуге рұқсат берген соң, тұрғындар дуалды бұзып, алып тастады. «Берлин қабырғасының» құлауы тек ГДР-де ғана емес, сонымен бірге бүкіл Шығыс Еуропада коммунистік жүйенің күйреуінің нышаны болды.

Жұрағат БАМАН