Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс спикері Елбасының Жолдауында аса ауқымды жоспарлар қамтылғанын атап өтті

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2014
  • 1459

Жаңа экономикалық саясатқа негізделген «Нұрлы жол» Жолдауының тарихи маңызы зор. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай деп мәлімдеді. Спикер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауында аса ауқымды жоспарлар қамтылғанына тоқталды.

«Жолдауды тыңдап, халыққа мемлекет тарапынан зор көмек жасалатынын білдік. Бюджеттен, Ұлттық қор мен шетелдік инвесторлардан қомақты қаржы тартылып, ол экономиканы дамытуға жұмсалмақ. Шағын орта бизнеске қолдау күшейеді», - деді төраға. Мұнан бөлек, ол әлемдік экономикалық дағдарыс, алып державалардың санкциялық қақтығыстары, энергия тасымалдау мен бірқатар елдердегі тұрақсыздық Қазақстанға да жағымсыз әсер ететінін айтты. «Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы - Президент геосаяси жағдайға нақты баға берді, еліміздің жақын болашақтағы даму векторын айқындады. Бұл ел басының Қазақстанның тағдырына қатысты саяси жауапкершілікті өзіне алуға дайын екенін нақтылай түсті», - деді Қабиболла Жақыпов.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мұндай тарихи кезеңде Елбасы Қазақстанның тағдырына, қауіпсіздігіне, халқымыздың келешегіне алаңдамай тұра алмайды. Ел экономикасының орнықты дамуын және қауіпсіздікті басты назарда ұстап отыр. Жаңа экономикалық саясат бізге міндет пен жауапкершілік жүктейді. Бұл арқылы біз Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына енуін қамтамасыз ете аламыз. Қазақстандықтар «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық бағдарламаны жан-жақты қолдайды деп сенемін.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА