Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысының бұрынғы басшысы Ерлан Арын сотта кінәсін мойындамады

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 1435

Павлодар облысының бұрынғы басшысы Ерлан Арынға қатысты басты сот отырысы бүгін басталды. Экс-әкімге Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды: алаяқтық, ірі көлемде пара алу фактісі және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректері бойынша. Бір қызығы, зардап шегуші ретінде сотқа қатысқан жергілікті кәсіпкер Арынға ешқандай кінә тақпайтынын мәлімдеді. Ал айыпталушының өзі тағылған айыптар бойынша өзінің кінәсіз екенін айтты. Алғашқы сот отырысының жай-жапсары туралы тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы.

Бүгінгі сот отырысы павлодарлық қауымның жіті назарында. Процесске экс-әкімнің жақтаушыларымен қатар жергілікті журналистер көптеп жиналды. Әуелде кіре берісте кішігірім дау-дамай туды. Күзетшілер бұқаралық ақпарат құралдарына «түсіруге болмайды» деген жоғарыдан түскен талаптың барын жеткізді. Алайда, уақыт өте масс-медия өкілдері де, Арынды қолдаушы топ та сот залына кіруге рұқсат алды. Айта кету керек, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың кіре берісінде қадағалау күшейтілген. Кіргендердің барлығы металл іздегішпен тексерілуде.

Алғашқы сот отырысы ашық жағдайда өткенімен, қорғаушылардың сұрауы бойынша процессте аудио-видео түсірілім жүргізуге тыйым салынды. Алдымен кәсіпкерден демеушілік үшін алынған 1 млн 650 мың теңгеге сатып алынған «Нива» автокөлігі төңірегіндегі даулы іс қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2013 жылдың сәуірінде экс-әкім Ерлан Арын бұл қомақты сомаға темір тұлпарды сатып алып, оны бірден сол кезде әйелі басқарған жергілікті колледжге рәсімдеткен. Белгілі болғандай, әу-баста аталған көлік ардагерлерге сыйлық түрінде алынса керек. Бірақ жапа шегуші ретінде шақырылған бизнесмен Илья Теренченко айыпталушыға ешқандай наразылығы жоғын мәлімдеп, өз өтінішін талқылаусыз қалдыратынын жеткізді.

Радимхан Дубаева, мемлекеттік айыптаушы:

Оның бұл түсініктемесін екі жақты деп қарауға болмайды. Тергеу кезінде де, сот отырысында да Теренченко мырза осы пікірде болатын. Сондықтан бұл жерде басты мән беретін нәрсе - оның белгілі бір соманы демеушілік мақсатта автокөлік сатып алуға бөлгендігі болып отыр. Ал бұл көліктің сатылып алынғаны рас.

Бірінші эпизод бойынша бүгін төрт куәгерден түсініктеме алынды. Ал Ерлан Арын өзіне тағылған айыптар бойынша өзінің кінәсіз екенін айтып, айыбын мойындамады. Айта кету керек, айыпталушыны екі адвокат қорғауда. Бірақ қорғаушылар камераға түсініктеме беруден бас тартты. Бүгінгі процесске экс-әкімнің өкілі ретінде анасы қатысуда. Байқағанымыздай, ол ұлына моральдік тұрғыдан қолдау көрсетіп отырды. Кезекті сот отырысы ертең сағат 10.00-ге белгіленді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ