Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 20 жыл

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 3005

Биыл Қазақстанда жергілікті мәслихаттар мерейтойын атап өтпек. Өкілетті органның құрылғанына 20 жыл. 1994 жылдан бастап депуттардан құралған жергілікті мәслихаттар атқарушы билікпен бірлесе қоғам өмірінде елеулі орын алып келеді. Астана қалалық мәлихатының тарихы жайлы әңгімелемекпіз.

Мәслихаттардың  жұмысы әкімдікпен әрдайым тығыз байланыста. Елордада да солай. Қиындығы мен қызығы аралас қым-қуыт шаруаның қашанда оң шешімін табуы үшін, депутаттар барын салады.  Әсіресе, әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдарды жөндеу, тұрғын үй коммуналды шаруашылық саласын реттеу кезек күттірмейді. Осы ретте Астана қалалық мәслихатының хатшысы негізгі назардың қаланы көркейтуге, тұрғындардың жағдайын жақсартуға аударылатынын айтады.

Сансызбай Есілов, Астана қаласы мәслихатының хатшысы:

Бір шағын ауданда, мәселен, жол немесе мектеп салынып жатыр делік, депутат тікелей кірісіп, соны қадағалап, сайлаушыларына жеткізіп, қажет болса, сол тұрғындармен бірлесіп, сапасын, уақытылы атқарылуын қадағалап жүреді.

Сансызбай Есілов соңғы 3 жылдан бері Астана қалалық мәслихатын басқарады. Еңбек жолын инженер-құрылысшы болып бастаған азамат бүгінгі белеске көтерілу жолында аз тер төккен жоқ. Әр жылдары жауапты қызметтер атқарды. Ақмола облысы әкімнің аппарат жетекшісі, Астана қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. 2007-2012 жылдар аралығында Мәжіліс депутаты болып сайланды. Елорданың құрылған кезінен бастап басы қасында болған азаматқа бас қаланың бүгінгі тынысы етене таныс. Ал мәслихаттың мерейтойы қала тұрғындарының да қуанышы дейді мәслихат хатшысы.

Сансызбай Есілов, Астана қаласы мәслихатының хатшысы:

Бүгінгі Астанамен мақтанамыз. Елорда болып бүкіл елге танымал қаламыз. Әсем шаһардың осылай өсіп өркендеуіне депутаттардың да қосқан үлесі зор.

Жергілікті өкілетті органың атқаратын міндеті зор. Аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту  мәслихаттардың мойнында.

Мұнан өзге халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту бағытындағы түрлі маңызды құжаттар да депуттардың араласуымен қабылданып жатады. Заманға сай әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімделу тағы бар. Толассыз тірліктің шеңберінде жүріп шыныққан мәслихат осы  жылдарда мол тәжірибе жинақтады.

Вера Пытьева, Астана қалалық сайлау комиссиясының хатшысы:

Кезінде бұл - жұмысын ептеп қана бастаған орган еді. Қазір жергілікті мәслихат - өзіндік ойып тұрып алар орны бар ұйым. Алдында тұрған міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Астана қалалық мәслихаты деген атауға да әбден лайық.

Жергілікті мәслихаттың алдында күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Мәселен, сүрілуге жататын баспаналар жайы. Депутаттар, қандай мәселені болмасын, алдымен заңдылықты сақтай отырып шешу қажеттігін тұрғындарға түсіндіруден жалыққан емес. Қысқасы, 20 жылдан бері мәслихат халықпен біте қайнасып, түрлі жағдайларды бірлесе шешіп келеді.  Өкілетті органның жүріп өткен жолына қарап, олар өз сайлаушыларының сенімін ақтай алды деп айтуға толық негіз бар.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА