Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда уақытша қамау изоляторынан қашып шыққандар іздестірілуде

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 1258

Қарағандыда уақытша қамау изоляторынан қашып кеткен екі тұтқынға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Қылмыстық кодекстің 358-бабы 2-бөлігі бойынша жаза өтеу орнынан алдын ала сөз байласып, топтасып қашып кеткендері үшін айыпталып отыр. Сондықтан сотталғандар тағы да жеті жылға бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Алайда аталған заңның жеңілдіктері де бар. Егер түзету мекемесінен қашып кеткендер 7 күн ішінде кінәларын түсініп, өз еріктерімен қайтып оралса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бірақ әзірге қашқындардың қайда жүргені беймәлім. Қылмыскерлерден айырылып қалған АК159/1 уақытша қамау изоляторында қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары қашқындарды жедел-іздестіру шараларын өткізуде. Қарағанды көшелері мен жол тораптары қарауға алынды.

Еске салайық, кеше түсте Қарағандының уақытша қамау изоляторынан 2 адам терезенің торын қиып, қашып кетті. Қарағандыда тұтқындардың қашу оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Биыл шілде айында дәл осы АК 159/1 уақытша қамау изоляторынан бір ер адам қашып кетіп, бір күннің ішінде ұсталған еді.

Гүлбану Ермекова, Қарағанды облысы АК 159/1 түзету мекемесінің арнайы контингент арасында тәрбие жүргізу бөлімінің бастығы:

Қарашаның 9-ы сағат 3-те екі сотталған әкімшілік корпусты жөндеу жұмыстары кезінде терезеден сыртқа шығып, қашып кеткен.

Әзімжан Қосанов, Қарағанды облысы  прокурорының көмекшісі:

Қылмыстық кодекстің 358-бабы 2-бөлігімен іс қозғалды. Ол жаза өтеу орнынан алдын ала топ болып сөз байласып, қашу дерегі бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер олар 7 күн ішінде қайтып келсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Айжан ҚУАШ