«Нұр
Отан» партиясы алғашқы күннен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдердің
қабылдануына ұйытқы болды». Саяси ұйымның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
төрағалығымен өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы осыны
айрықша атап өтті. Алқалы басқосуда партияның Сайлауалды тұғырнамасын жүзеге
асырудың 2,5 жыл ішіндегі нәтижелері айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Елбасы партия
аппаратына алдағы бір айда Үкіметпен бірлесіп, бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін бекітуді
тапсырды.
Биыл
«Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жыл. Осы мерзімде партия жауапты шешімдер
қабылдайтын ірі саяси күшке айналды. Партия үшін ең басты міндет - азаматтардың сенімін ақтау. Халықты
толғандырған мәселелердің шешімі, елмен тұрақты және тиімді байланыстың болуы
да аса маңызды міндеттер қатарында. Мұны партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев лайықты атап өтті.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдің арасында беделі
көтеріліп, нағыз халықтық партия екенін көрсетіп, көпшіліктің сеніміне ие болып
келеді. Өткен
Парламент сайлауында, Президент сайлауында біздің партияның халық арасындағы
беделінің жоғары екенін көріп келеміз. Осы жолда жұмысты жалғастыра беру керек.
Дәл
қазір көптеген мемлекеттер бастан кешіріп отырған әлемдік күрделі экономикалық
ахуалға қарамастан, ІЖӨ-нің өсімі он айда 4 пайызды құрады. Инфляция деңгейі
6-8 пайыз дәлізінде сақталды. Еліміздің халықаралық активтері де қарқынды
өсуде. «Нұр Отан» партиясының 2017 жылға дейінгі Сайлауалды
бағдарламасында Үкімет алдына бірқатар экономикалық-әлеуметтік маңызды
міндеттер қойылған. Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев олардың
көпшілігінің табысты іске асырылғанын
жеткізді.
Бақытжан
Сағынтаев,
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Сайлауалды тұғырнамадағы 70
көрсеткіштің 49-ы бойынша оң нәтижелер алынған. Соның ішінде 16 көрсеткіш
мерзімінен бұрын орындалды. Қалған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу үшін, Үкімет тиісті шаралар қабылдауда.
Сайлауалды
тұғырнаманы іске асыру барысында Мәжілісте 13 заң қабылданды. 108 заң жобасы
мақұлданып, оның 102-сі заң күшіне ие болды. Депутаттар бірнеше бағыт бойынша
өзара іс-қимылды күшейтті. Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының
Елбасы мен халық алдындағы жауапкершілігі жоғары. Палата төрағасының орынбасары
Дариға Назарбаева: «Парламентте
басымдыққа ие «Нұр Отандықтардың» басты міндеті - Сайлауалды
тұғырнаманы іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету»,
- деді.
Дариға
Назарбаева,
«Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, ҚР
Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Түрлі заң жобаларына қазақстандық
сайлаушылардың абсолюттік басым бөлігінің мүдделері мен сауалдарын көрсететін
15 мыңнан астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. «Нұр Отан» партиясының фракциясы - бүкіл заңнамалық базаның сапасын жақсартатын бүкілхалықтық сараптаманың маңызды тетігі болды. Басқа да партиялармен өзара іс-қимыл бойынша мол тәжірибе жинақталды.
Осы
жылдың шілдесінде партия Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының
жобасын жариялаған. Бүгінде жобаға қатысты партия мүшелерінен, сарапшылар мен
ғаламтор қолданушылардан 900-ден астам
ұсыныс түсті. Халықтан келіп түскен
өтініштердің басым бөлігі бойынша нақты шаралар қабылданды. Партия Төрағасының
бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, «Нұр Отан» үшін ең бастысы
- азаматтардың сенімі, оларды толғандырған мәселелердің шешімі.
Бауыржан
Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
Партияның
жетекшілігімен еліміздің әрбір ауданында мемлекеттік органдардың бірінші
басшылары, барлық деңгейдегі фракция депутаттары азаматтарды қабалдау өткізуде.
Осы жылдың бірінші жартысында лауазым иелерінің жеке қабылдауы 4 есеге артып, 9
мыңнан асты. Осының нәтижесінде өтініштердің 70 пайызы бойынша нақты шаралар
қабылданды. Барлық өтініштер ұдайы бақылауда тұр. Бұл біз үшін орталық пен жергілікті жердегі
Сайлауалды тұғырнаманың орындалуын бақылай отырып, тұрғындардың
тұрмыс-тіршілігінен шынайы хабардар болуға мүміндік беретін үлкен ақпарат көзі.
Мұнан
өзге жиында бизнеске рұқсат беру құжаттарының саны 2 есеге қысқарғаны айтылды. Бұл - бизнесті әкімшілік
кедергілер мен жемқорлықтан қорғауда
орасан маңызды қадам. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атышулы жемқорлық
істерін еске сала отырып, шенеуніктерге осы жағдайлардан тиісті қорытынды
шығару керектігін ескертті.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Көз алдарыңызда көп іс
атқарылып жатыр. Жемқорлыққа
қарсы аяусыз күрес жүруде, облыс әкімдері, министрлер мен олардың орынбасарлары
жауапкершілікке тартылды. Осыдан қорытынды шығарылуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, жағдайы
көтерілді, содан нәтиже шығару керек. Біз бұл жұмысты күшейтеміз, партия
осыған айрықша атсалыссын.
Елбасы Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы болып
мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде заң
қабылдағанын атап өтті. Бізде мемлекеттік басқару жүйесін реформалау кезең-кезеңмен іске асырылып
жатыр. Парақорлық жағдайларын туғызатын мәселелермен күреске айрықша мән
беріліп отыр", - деді Назарбаев. «Нұр Отан»
партиясы Саяси
кеңесінің бүгінгі кеңейтілген отырысында
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған
бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшысы алдағы бір айда Үкіметпен бірлесіп бағдарламаны
жүзеге асыру тетіктерін бекіту жайлы партия аппаратына
тапсырма жүктеді.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА