Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау іргесіндегі Көкарна елді мекені батпақ бейнетінен арыла алмай келеді

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2014
  • 2697

Балшыққа батқан ауыл. Атырау іргесіндегі «оралмандар ауылы» атанып кеткен Көкарна елді мекені қара күзден жаз шыққанша батпақ бейнетінен арыла алмай келеді. Тұрғындардың айтуынша, бас ауырып, балтыры сыздаған жанға жедел жәрдемнен қайыр жоқ. Жәрдем көлігі ауыл шетіндегі жалғыз жолдан кері қайтады. Сәл жаңбыр жауса, балалар да үйден шықпайды, таяқ тастам жердегі мектепке жете алмайды.

Күлжаухар Жанқараева:

Құндақтаулы 2-3 айлық балаларымыз ауырады. Дәрігер шақырып кіргізе алмаймыз. Самолечение жасаймыз үйімізде. 10 жыл болды.

Дина Гайсина:

Қалада бордюр ауыстыру, бордюр ауыстыру. Басқа шаруа жоқ па, одан да көшені дұрыстамай ма? Жол салсын. Сабақтан қалған балада қандай білім болады. Мектепке дейін 100 метр жерге жете алмайды, қиямет қайым. Аяқта резина етік.

Көкарна елді мекеніне 2004 жылдан бастап бес мыңға тарта халық қоныстанған. Олардың дені тарихи отанына оралған қандастарымыз. Сондықтан жергілікті халық «оралмандар ауылы» атап кеткен. Ауылда 28 көше бар. Оның біреуі ғана асфальтталған. Резина етік - тұрғындардың ызғарлы қыста тастамай киетін аяқ киіміне айналған. Салдарынан үлкен де, кіші де ауру жамады деген көпшілік билік сөзден іске көшсін деп талап қойып отыр. Олар қалалық, облыстық әкімдік табалдырығын талай рет тоздырған. Былтыр жол төсеп береміз деген жауабын сүйіншіге балаған еді. Бірақ ол да кезекті құрғақ уәде боп шықты. Енді жергілікті атқамінерлер келесі жылы жолдардың тек сметалық жобасы ғана жасалатынын айтып уәде беріп отыр. Ал нақты қашан төселетіні белгісіз.

Ернар Өтешқалиев, Балықшы ауылдық округінің әкімі:

27 асфальтталмаған көшені алдымыздағы жылы қолданыстағы заңдылыққа сәйкес жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау жөнінде жоспарға енгізіліп отыр. Содан кейін қаражат бөлінуіне байланысты, 28 бәрі бір жылдың ішінде салынады деп есептемейміз. Жасалатын жұмыс қаражаттың көзіне байланысты.

Базаркүл ІЗІМОВА