Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда жаңа үйлердегі сорғыштар жаңа проблемаға ұрындырды

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2014
  • 1381

Ақтауда қарапайым үй мен элиталы көп қабаттылардың арасында жылуға байланысты дау туды. Шағымданушы тұрғындар қалталы көршілерінің кесірінен биыл бесінші жыл жылуға қарық болмай келеді. Себебі, элиталы көп қабатты үйде жылудың барлығын өзіне тартатын қуаты мықты қондырғы орнатылған. Ақтау әкімдігі де «Тамшалы» тұрғын кешенінде жобаға сай келмейтін қондырғының бар екенін растап отыр.

Ақтаудағы бүгінгі ауа температурасы +9-ды көрсеткенімен, кішкентай Руслан үйдің ішінде қалың киінуге мәжбүр. Себебі, сәл салқын тисе, оның туа біткен ауруы асқынып кетуі мүмкін.

Русланның әжесі Сән Байғанаеваның айтуынша, ол үйдің суықтығынан қалтасын 170 мың теңгеге жұқартып, термоматрас сатып алған. 5 қабатты 4 үйдің тұрғындары бұл мәселенің осыдан бес жыл бұрын пайда болғанын айтады. Дәл сол уақытта жаңа элиталы көп қабаттының қабырғасы қаланған болатын.

Сән Байғанаева:

Бұл жерге келгеннен кейін мына 7 жылға дейн өте жақсы болды. Одан кейін мына тамшалыны құрды. «Тамшалыны» бергеннен кейін сразу 2-3 айдан кейін басталды қысқа қарай. Летом нормально, қысқа карай.

Көрші үйдің тұрғыны Александр Камеев те жылу қысымының төмен екенін айтып шағымдануда. Оның айтуынша, құбырларды жөндейтін белгісіз мамандардың жұмысынан кейін кәріз люгінен бу шыққан.

Александр Камеев:

Мен кеше мына жерден өтіп бара жатқанымда белгісіз біреулер құдықты ашты. Мен үнемі осы жерге көлігімді қоямын. Олардың немен айналысып жатқандығы қызықтырды. Олар «Тамшалының» жылы су шығынын реттеп жатырмыз, деді. Нақтырақ айтқанда, олар бір шайбаны орнатып жатты. Менің ойымша, ол судың шығынын азайтады.

Белгісіз адамдардың пайда болуына да себеп бар. Турасын айтқанда, қала әкімі өткен күндері қымбат көп пәтерлі үйдің тұрғындарына қатаң ескерту жасаған болатын. Яғни, жылу қысымы реттелмесе, тұрғындар жылусыз қалатынын айтқан.

Манас Айтжанов, Жолаушы транспорты мен көлік жолы, ТКШ бөлімі бастығының орынбасары: 


Жоба бойынша құрылғы, яғни сорғы болу керек. Бірақ олар өз еріктерімен қуаты мықты түрін орнатқан. Біз қазір олардан басқасын қоюды сұрап отырмыз.

Әкімдік, қуаты күшті қондырғының «Тамшалы» тұрғындарына қаншалықты зардабын тигізетіні туралы айтпады. Алайда, биылғы қыста барлық үйлердің жылуы бір қалыпты болатынына сендірді.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ