Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы газ баллоны жарылысының зардаптары бұзылған үйінде қыстамақ

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2014
  • 1102

Қарағандыда газ баллонның атылуы салдарынан далада қалған жалғыз басты ана бұзылған үйінде қыстамақ. Жергілікті әкімдік жапа шегушіге бере қоятын тұрғын үй жоқтығын айтып, жатақхананың бір бөлмесін уақытша паналауды ұсынды. Алайда, әйел бұзақылар мен ішкіштерден қорқып, көшпей отыр. Бүгін жергілікті Октябрь аудандық әкімдігі Агротехникалық колледж жатақханасының бір бөлмесін уақытша паналай тұруды ұсынды. Алайда, Қаламқас Кенжебаева жаңа қонысқа көшуден бас тартты.

Естеріңізде болса, әйелдің үйі осыдан 10 күн бұрын құлап қалған еді. Қабырғалас көршісі 3 келілік газ баллонын пешке жылытам деп, өзінің және Қаламқас Кенжебаеваның үйін жарып жіберген болатын. Оқиғаға кінәлі адам азаматтық некедегі әйелімен бірге ауруханада бір апта жатып, көз жұмды. Ал, бақилық көршісінің абайсыздығынан далада қалған жалғыз басты ана 11 жасар ұлымен бірге құлап қалған үйінің қоймасында тұрып жатыр. Әкімдіктегілер алғашында азық-түлік пен ыстық тағам ұсынып, материалдық шығынын апатқа кінәлі көршісінен өндіріп алуға кеңес берген. Қаламқас Кенжебаева енді қайтыс болғандардың мұрагерлері табылғанша шағымдана алмайды. Ол, марқұмдардың дүние-мүліктерін мұрагерлерге рәсімдеу ұзаққа созыла ма деп қорқады. Сондықтан, бұрынғы үйінен қалған заттарын тастап кетуге үзіл-кесілді қарсы. Керісінше, жергілікті әкімдіктен құлаған баспанасын қайта тұрғызуға көмектесуді сұрап отыр.

Қаламқас Кенжебаева, жапа шеккен тұрғын:

Не болса да осы үйде тұрып көрем. Акиматтың картошкасы керек емес. Көмектескісі келе ма, стройматериал әкеп берсін. Картошка өзімде де бар. Гараж, душым бар. Үйді тастап кетсем, 2 күннің ішінде түк те қалмайды.

Айдар Закрин, Қарағанды қаласының Октябрь аудандық әкімдігі әлеуметтік бөлімінің бастығы:

Баспана беру мәселесі әзір шешілген жоқ. Уақытша тұруға Агротехникалық колледжі жатақханасының бір бөлмесін береміз. Ыстық су, барлық жағдай жасалған. Кейін материалдық шығынын өндіре ме, әлде, тұрғын үй бөліне ме, ол жағы белгісіз.

Айжан ҚУАШ