Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты дәстүрлі Жолдауы кеңінен талқылануда.
Бағдарлама көпшіліке жария етілісімен, Еуразиялық интеграция институты бірден
сарапшылар арасында шұғыл сауалнама өткізіп үлгерді. Оған 16 облыс пен Алматы
және Астана қалаларынан барлығы 68 эксперт-маман қатысты. Араларында орталық
және жергілікті атқарушы орган өкілдері, тәуелсіз
сарапшылар, БАҚ өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері бар.
Олар Президенттің атап
өткен басты мәселелеріне келесідей
басымдық берді. Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті, сондай-ақ,
ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу
қажеттілігін сарапшылардың 95,6 пайызы қолдады. Банк секторын сауықтыру
үшін қосымша 250 миллиард теңге
көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету пәрменін 92,6 пайызы құптап
отыр.
Жаңа инвестициялар тарту үшін 2015
жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы»
және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы
экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард бағытталса, құба құп болар
деп, сарапшылар қауымының 94,1 пайызы
санайды.
Мамандардың 89,7 пайызы «ЕХРО-2017» кешені
құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңгенің
бөлінуін жөн дейді. Астана әуежайының әлеуетін ұлғайту үшін,
2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртуға 29
миллиард теңге бөлу бастамасы 92,6 пайыз қолдау тапқан.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА