Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарында азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бір күндік акциясы өтті

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2014
  • 1604

Депутатқа телефон шал! Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарының қоғамдық қабылдауларында азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бір күндік акциясы өтті. Халық депутаттармен тікелей телефон желісі арқылы хабарласып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Сайлауалды тұғырнамасының «Ұлт саулығы» бағытында мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері өңірлердегі денсаулық сақтау мәселесіне байланысты сұрақтарды шешуге атсалысты.

Гүлмира Әлімбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Алло! Қоғамдық қабылдау бөлімі ме? Мен  ОҚО-нан хабарласып тұрмын. Осы денсаулық сақтау саласындағы порталға жазылуды алып тастауға болмай ма?

Спандияр Бекжігітов, ОҚО облыстық мәслихаты депутаты, «Нұр Отан» партиясының «Ұлт денсаулығы» сайлауалды тұғырнамасы бойынша кураторы: 

Ол енді порталды алып тастау - Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы мәселе.

«Нұр отан» партиясының Шымкенттегі филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлімі осылай қызу жұмыс бастады. Қала тұрғындарын оңтүстікте өршіп кеткен қырым қанды қызбасы кеселінің алдын алуды, науқас балаларды дер кезінде емдеуді сұрады. Жұмыссыз қалған медицина қызметкерлері де телефон шалып кеңес алып жатты.

Қарағандыдағы нұр отандықтардың телефонында да, қоғамдық қабылдау бөлмесінде де дамыл жоқ. Жазира Қалиақпарова екі бірдей бүлдіршінін Астана мен Алматы қалаларында емдету үшін квота ала алмай жүр. Айтуынша, үлкені Мансурдың сал дерті асқынып барады. Ал кенжесі Исламның болса, сал ауруымен қоса, көзін шел басқан.  Бүлдіршіндерге тез арада ота жасату қажет екен.

Жазира Қалиақпарова, Қарағанды қаласының Үштөбе ауылының тұрғыны:

Кішкентайымды Алматыға... Катаракта көзі... Бір көзіне жасағанбыз. Енді екіншісіне жасату керек. Соны емдегеннен кейін екеуімен бірге Астанаға барып емдеткім келеді. Квота бермей жатыр. Кейінге қалдыра береді.

Ананың мұңын тыңдаған облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Чернов квота мәселесін шешіп, бүлдіршіндерді жергілікті оңалту орталығында  емдетуге уәде берді. Сондай-ақ, бүгін Оксана Данилованың да жолы болды. Баспана мәселесімен келген үй шаруасындағы әйел жұмысқа орналасып қайтты. 3 балалы ананың ипотекаға алған үйі өртеніп кеткен еді. Оксана Данилованы облыстық маслихат депутаты Дмитрий Чернов өзі басқаратын қалалық ауруханаға жұмысқа алды.

Оксана Данилова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Кеше Елбасының жолдауын тыңдадым. Оған көп рахмет. «Нұр Отаннан» көмек сұрауыма сол Жолдау түрткі болды.  Шын көңіліммен ризамын.

Дмитрий Чернов, Қарағанды облыстық мәслихаты депутаты, «Нұр Отан» партиясының «Ұлт денсаулығы» сайлауалды тұғырнамасы бойынша кураторы:

Әр сауал бойынша тиісті шара қолданылады. Дереу шешіп береміз немесе шешу жолдарын қарастырамыз. Емдеу, жұмысқа орналастыру мәселелерін шешіп үлгердік. Осындай акциялар өте пайдалы деп ойлаймын.

Елдің басты партиясының қоғамдық қабылдауына шалынған қоңыраулар өңірлерде тұрғындарға медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмейтінін анықтады. Халықты ақпараттандыру да төмен екен. Алда «Нұр Отан» партиясы сайлауалды уәделерін іске асыру аясында ұлттың денсаулығын нығайтуға аса көңіл бөлмек.

Айжан ҚУАШ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ