Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда түрмеге апара жатқан жерінен қашып кеткен қылмыскер ұсталды

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2014
  • 956

Таразда түрмеге апара жатқан жерінен қашып кеткен қылмыскер ұсталды. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, Байзақ ауданының тұрғыны Әділхан Тәжиев алаяқтықпен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, ол өткен бейсенбіде аудандық сот залында үкіммен танысып, Тараздағы түрме алдынан түсе бере зым-зия жоқ болған. Арнайы конвой көлігінің жеткізуші жасағы алдында тұрған адамнан қалай айрылып қалғанын айта алмапты.

Іле-шала қаладағы күш-құрылымдар тегіс іздестіру шараларын жүргізуге кірісті. Шаһардан шыға беріс шеттегі жолдарда арлы-берлі өткен автокөліктерді тоқтатып, тінту жүргізді. Аймақтың тәртіп сақшыларын табанынан тік тұрғызған оқиға тұрғындарды да әбігерге салған болатын. Қашқын сенбі кұні құзырлы орын мамандарының қолына түскен. Енді оның ісі қайта қаралатын болады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ