Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы сән және дизайн колледжінде әскери граната жарылып, бір студент қаза тапты

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2014
  • 2258

Алматыда төтенше жағдай орын алды. Сән және дизайн колледжінде әскери граната жарылып, бір студент қаза тапқан. 12 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Бесеуінің халі ауыр. Қазір олардың өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Айдың-күннің аманында балалары жараланған ата-аналар емдеу мекемесінің есігін күзетіп жүр.

Оқыс оқиға таңғы сағат тоғыздар шамасында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, граната бастапқы әскери дайындық сабағында жарылған. Бұл кезде студенттердің барлығы аудиторияда болыпты.

Жарылыстың салдарынан бір студент көз жұмды. 12 адам жарақат алды. Олардың денесіне әйнек сынықтары кірген, бас сүйектері мен миы зақымданған. Дәрігерлер зардап шеккендердің бесеуінің жағдайы ауыр екенін айтады.

Манас Рамазанов, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Боевая граната болғандықтан, көбінде контузия. Олар әлі де есеңгіреген қалыптан шыға алмай жатыр. Екеуіне операция жасалды, дәрігерлер тағы үш студенттің өмірі үшін күресіп жатыр. Олар нейрохирургия, хирургия және травмотология бөлімдеріне жатқызылған.

Жарылыс кезінде қаза тапқан қыздың есімі белгілі болды. Ол осы колледждің студенті, 16 жастағы Светлана Яковлева. Марқұм оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қайғылы хабарды ести сала жеткен анасы ішке кіре алмапты. Бірақ ол соңына дейін баласының аман екеніне сенген.

Жарылыс кезінде ғимарат әйнектері жан-жаққа ұшқан. Абырой болғанда, сол мезетте мекеменің жанында болғандар аман қалды.

Альбина Гайнудинова, куәгер:

Тура бір соғыс кинолардағыдай жарылыс болды. Бірден әйнектер жан-жаққа шашырады. Мен сол кезде колледждің жанынан өтіп бара жатқам. Қорқынышты, маған тиіп кете жаздады.

Қазір әскери дайындық пәнінің мұғалімінен тергеушілер жауап алып жатыр. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетейік, жарылыс кезінде оқытушы зардап шекпеген. Студенттер оның қызметке жақында орналасқанын жеткізді.

Дарья Деревянко, Алматы сән және дизайн колледжінің студенті:

Ия, ол қаруларды бізге көрсетіп, үстелге қоятын. Қолға ұстауға бермейтін. Граната тұрмақ, тапанша, автоматтарды көрсететін бізге.

Шаһар басшысы Ахметжан Есімов қаза тапқан қыздың және зардап шеккен өзге де балалардың отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы бұйрық берген. Сонымен қатар, оқу орындарында «Бастапқы әскери дайындық» пәніне арналған оқ-дәрі имитаторларын беруге уақытша тыйым салуды, қару-жарақтарды заңға сәйкес тәркілеу туралы жарлық дайындауды тапсырған.

Берік Хасенов, тілші:

Белгілі болғандай, қазір төтенше жағдайға байланысты 2 қылмыстық іс қозғалған. Оқиға орына келген қала әкімі Ахметжан Есімов арнайы комиссия құрып, жарылысты өз бақылауында ұстайтынын айтты. Бұл іспен енді әскери прокуратура және Ішкі істер департаменті айналысатын болады.

Берік ХАСЕНОВ