Русский Сайттың толық нұсқасы

Мақсат Үсенов кезекті рет жол-көлік оқиғасына себепкер болды

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2014
  • 1584

Түзелмейтін жүргізуші. Мақсат Үсенов әлеуметтік желілер мен ақпарат айдынын тағы шулатып жатыр. Өткен жылы желтоқсанда өз көлігімен бірнеше адамды қағып, 23 жастағы жігітті мерт қылған Үсенов тағы да жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Қымбат бағалы «Мерседес» көлігін тізгіндеген ол жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жеңіл көлікпен соқтығысқан. Оны басқарған әйел жараланып, ауруханаға түсті. Ал сау тамтығы қалмаған көліктер айып тұрағына жеткізілді. Атышулы жүргізуші тағы қамауға алынды. Оны енді қандай жаза күтіп тұр? Ришат Асқарбекұлы баяндайды.

Өз ісінен сабақ алмаған Мақсат Үсенов даудың ортасында қалды. Сенбі күні таңға жуық ол Гагарин мен Байқадамов көшелерінің қиылысында кезекті апатқа себепкер болды. Қарсы бағытқа шыға келген оның темір тұлпарына қарама-қарсы келе жатқан көлік бар пәрменімен соғылған. Тізгіндегі 38 жастағы әйел дереу ауруханаға жеткізілді. Ал оқиға орнында полицияға қарсылық танытқан Үсенов айласын да асырмақ болған.

Арман Тұрғынбаев, Алматы қаласы ауданаралық әкімшілік сотының судьясы:

Мақсат Үсенов оқиға орнында көліктің артқы орнына отырып алған. Шын мәнінде ол көлік тізгінінде болған. Мұны сол жердегі куәгерлер растап отыр. Сонымен бірге ол ішімдік ішкенін анықтайтын сараптамадан бас тартты. Одан тыс құжатсыз көлік жүргізгені анықталды.

Сот құжатсыз көлікті басқарғаны және сот-медициналық сараптамадан бас тарқанын негізге алып, оған 20 тәулікке қамау жазасы тағайындалған. Әкімшілік кодекстің 471-бабы 7-тармағы негізінде ең қатаң жаза осы. Демек, жүргізуші бұл жолы да жазадан оңай құтылады. Құқық қорғаушы Сергей Уткин Мақсат Үсеновке тағайындалған шешімнің заңды екенін айтады.

Сергей Уткин, құқық қорғаушы:

Былтырғы Үсеновтің оқиғасынан соң, депутаттар заңға өзгерістер енгізуді талап еткен болатын. Егер осындай ауыр қылмыс жасаған жағдайда, тараптар ымыраға келсе де, күдікті сотталуы тиіс. Бұл өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді.

Сенбі күнгі оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Әсіресе әлеуметтік желілерде «атышулы» жүргізушіні «жерден алып, жерге салып» жатқандар көп. Өткен жылы бір топ адамды қағып, салдары адам өліміне соқтырған оқиғаны ешкім ұмыта қойған жоқ. Ол кезде Мақсат Үсенов 45 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқығынан 2017 жылға дейін айырылған-ды. Осыған қарамастан, жазда Үсеновтің ақ Мерседесті тізгіндеп, көшеде жүргені әшкереленді. Ол кезде полиция 18 мың теңге айыппұлмен шектелді.

Заңгер Жохар Өтебековтің пікірінше, жол ережесіне «шекесінен қарайтын» қоғам мүшелерін тезге салуда заң осал. «Үсенов өткен жылғы оқиғадан сабақ алмаған және ол үшін тағайындалған жазаларды «шыбын шаққан құрлы» көрмеген», - дейді құқық қорғаушы.

Жохар Өтебеков, қорғаушы:

Сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғандарға қатысты заңды да қатаңдату қажет. Ондайлардың әрекетін Қылмыстық кодекске ауыстыру керек. 2015 жылдың алғашқы күнінен күшіне енетін жаңа Қылмыстық кодексте бұл қарастырылған. Егер Үсенов сол заңмен қудаланғанда қылмыскерлер санатына екінші рет ілігіп, бірнеше жыл түрмеге қамалатын еді.

Өткен сенбі күні Мақсат Үсеновтің кесірінен зардап шеккен әйел туралы мардымды ақпарат жоқ. Дәрігерлер оның ауруханадан үйіне жіберілгенін ғана айтады. Ал сот орындары жәбірленуші тарапынан материалдық немесе моральдық шығындар туралы арыз түсіп жатса, қарауға дайын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ