Русский Сайттың толық нұсқасы

Асылжан Мамытбеков: Нан мен бірінші сұрыпты ұн бағасы қымбаттамайды

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2014
  • 1317

Нан мен бірінші сұрыпты ұн бағасы қымбаттамайды. Қазіргі баға 2015 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін сақталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Асылжан Мамытбеков мемлекеттік комиссия шешімі бойынша нан мен ұнның құны тұрақты болатынын қадап айтты. Дегенмен, орақ науқанының қиын жағдайда өтіп жатқанын мойындады. Ақмола облысындағы екі ауданда жиын-терім аяқталған жоқ. Қостанай өңіріндегі 4 ауданда жұмыс жалғасып жатыр. Ал Солтүстік Қазақстанда тек бір аудан ғана егінді қар астына қалтырмай, толық жинап алды. Шығынға батқан шаруаларға көмек беру-бермеу мәселесін жергілікті билік шешетін көрінеді.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Әр шаруаны жеке қарастырамыз. Егер өзінің егінін техника жоқтығынан немесе өзіне байланысты себептерінен жинамаса, көмек берілмейді. Енді шаруа тарапынан жиналмаған егінді мемлекет тарапынан өтеу деген - ол дұрыс емес. Егер объективті факторлар, табиғи, басқа да факторлар әсер етсе, әрине, оған жергілікті әкімшіліктер көңіл бөледі.

Бүгінде егінің 96,5 пайызы жиналған. Бункерлік салмақта 18 млн тоннадай астық алынды. Ал таза салмақта алынатын дән 17 млн тоннадан асады деген болжам бар. «Бұл ішкі нарыққа жеткілікті. Экспортқа 7 млн тоннадай астық жіберуге мүмкіндік береді», - деді министр. Әйтсе де, қар астында қалған астықты құрғату - үлкен мәселе.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Элеваторлар мен шаруашылықтардың астық кептіру қондырғалары күні түні жұмыс істеп жатыр. Ол қосымша шығынға әкеп жатыр. Дихандардың да, элеваторлардың да, соны есептеп, Үкімет оған қосымша 56 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай берді.

Министр шаруалардың шығынын астықтың жоғары бағасы жабады деген сенімде. Биыл бесінші сұрыпты бидайдың құны өткен жылғы үшінші сұрыпты бидай бағасынан артық, яғни 30 мың теңге. Депутаттар жиын-терімге қатысты атқарылып жатқан шаруаларды сынағанмен, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Асылжан Мамытбековтің министрлігіне жанашырлықпен қарады.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Кейде министрлікті аяп кетемін. Өйткені жан-жақтан соққылар тиеді. Не істеу керектігін бәрі біледі, ал шындап келгенде, қандай жұмыс атқару керек екенін ешкім айта алмайды. Барлығы сарапшы. Бұл футбол көріп отырғандағы жағдайға ұқсайды. Мен қақпада тұрсам, көкесін көрсетер едім деп отырамыз. Ол жерде барлығымыз білікті маманбыз. Бүгінде алынатын бидай көлемінің нақты мөлшеріне сенімді болмағандықтан, мемлекетке де, шаруаларға да жоспарлау қиын. Жағдай табиғатқа байланысты болып тұр. Сондықтан ауа райының қолайсыздығына тәуелді болмас үшін, жаңа технологияларды енгізіп, әртараптандыру керек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ