Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы сән және дизайн колледжінің әскери дайындық пәнінің ұстазы қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2014
  • 1241

Алматы қаласының әкімдігі сән және дизайн колледжіндегі қаза тапқан студенттің отбасына 1 миллион теңге, ал түрлі жарақат алған 12 адамға 500 мың теңгеден беретін болды. Бұл жайында әкімдіктің баспасөз қызметі хабар таратты. Ал аталған колледждің әскери дайындық пәнінің ұстазы қамауға алынды.

Араға бір тәулік салып қалалық Ішкі істер департаменті сән және дизайн колледжінде болған оқиғаға қатысты ақпарат құралдарына мәлімет берді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 1967 жылы туылған азамат процессуалды тәртіпке сай жауап беруде. Бір адамның өмірін қиған және 12 адамды жаралаған колледждегі жарылысқа байланысты «Абайсызда кісі өліміне әкеліп соқтыру» және «Қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау» баптарымен 2 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайы анықталмайынша, ұстазды уақытша қамау тек сот құзырында екенін айтты.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

Оқыс оқиғаға байланысты алғашқы әскери дайындық мұғалімі ҚР ҚПК 132-тармағына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. 72 сағат ішінде сот алдында тергеушімен бұлтарпау шарасын тағайындау жөнінде сұрақ қойылады. Тергеудің аясында жарылғыш заттың қайдан шыққаны мен нақты кімге тиесілі екені анықталатын болады.


Сонымен қатар, құзырлы органның қызметкерлері жарылыс кезінде ұстаздың дәріс бөлмесінде болғанын растады. Оның бұрын әскери қызметтегі капитан болғаны туралы дерек тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, тергеушілер оқиғадан кейін бастапқы әскери дайындық мұғалімінің үйінде тінту жүргізген. Бірақ басқа қару түрлері табылмаған. Ал колледжде нақты қандай гранатаның жарылғаны тек баллистикалық сараптамадан кейін белгілі болмақ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше Алматыдағы сән және дизайн колледжінде әскери дайындық сабағы кезінде граната жарылған болатын. Қыз бала қайтыс болып, 12 шәкірт түрлі жарақат алды.

Берік ХАСЕНОВ